Берілдіге саналған дәрі-дәрмекті 4 мыңнан астам пациент алмаған

24 Шілде 2019, 15:40
2069
Бөлісу:
Берілдіге саналған дәрі-дәрмекті 4 мыңнан астам пациент алмаған

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тегін дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды беру барысын бақылау нәтижелері белгілі болды. Бұл туралы аталмыш қордың баспасөз қызметі хабарлады. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, МСҚ мен «СҚ-Фармация» ЖШС бірлесіп өткізген шара аясында биылғы 12 сәуір мен 30 маусым аралығында SMS-хабарлама жүйесін іске қосқан болатын. Атап айтқанда, 2019 жылдың сәуір-маусым айларында тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген пациенттердің телефондарына SMS-хабарлама жіберілді.  Барлығы 1 миллионнан астам SMS-хабарлама жіберілген. Хабарламада рецептінің нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетілді. Препараттар шын мәнінде қолына тимеген пациенттерге SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдау немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалу ұсынылған болатын. 

SMS-хабарлама қорытындысы бойынша, Қорға 27 798 пациенттен жауап келді. Оның ішінде 4 137 пациенттің дәрі-дәрмекті алмағаны анықталды.

КАЗ СМС рассылка итоги.png


 

Дәрі-дәрмектің қолға тимегені туралы хабарламаның басым бөлігін Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарының тұрғындары жолдаған. 
Сондай-ақ, бұл мониторинг жазылған рецептілер мен қолма-қол берілген дәрі саны бір-біріне сәйкес келмейтін 10 медицина ұйымын анықтауға мүмкіндік берді. Олардың қатарында Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Жалағаш АОА, Қызылорда облыстық медицина орталығы, Маңғыстау облысындағы №1 Ақтау қалалық емханасы, Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан аудандық орталық ауруханасы, Жетісай аудандық «Асықата» ауруханасы, Түркістан облысындағы Түлкібас аудандық орталық ауруханасы, Алматы облысындағы Талғар және Іле аудандық аудандық орталық ауруханалары бар. 

Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры өткен жылдың басында кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгерткен болатын. 

Қор былтыр дәрі қолма-қол берілген және «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізілген рецептілерге ғана ақы төлеуге көшті. 

"Пациенттерден келіп түскен барлық хабарламаларды Қор тіркеуге алғаннан кейін өңдеді. SMS-хабарламалар жүйеге пациенттердің өздерін тартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде ақпараттық жүйедегі мәліметтер мен дәрі-дәрмекпен нақты қамтамасыз ету көрсеткіші арасында едәуір алшақтық бары анықталды", - деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов. 

МСҚ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медициналық көмек пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінің операторы. 2018 жылдан бастап Қор ТМККК пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер ақысын төлеп келеді. МӘМС пакеті бойынша қызмет көрсету 2020 жылы басталмақ. 

Дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды «СК-Фармация» ЖШС сатып алады «СК-Фармация» дәрі мен медициналық бұйымдарды келісімшарт бекіткен медицина ұйымдарынан түскен өтініштер негізінде сатып алады. 2019 жылы МСҚ мен «СК-Фармация» ЖШС арасындағы келісімнің құны 86,9 млрд теңге болды.


 

 

Өзгелердің жаңалығы