Президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы болған Берік Уәли қандай жұмыстар атқарды? BAQ.KZ тілшісі шолу жасады.
Президенттің жыл бойғы сапарына шолу жасады
Берік Уәлидің "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған мақаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қызметіне шолу жасалды. Мемлекет басшысы еліміздің 11 өңіріне сапар жасап, 60-тан астам нысанды аралап, 137 кездесу өткізді. Бір жылда 3 979 құжатқа қол қойылды, оның ішінде 95 заң, 319 жарлық бар.
Президент былтыр сыртқы саясатта 23 шет мемлекетке сапарлап, 19 халықаралық форумға қатысты. Маңызды оқиғалар қатарында Алматы облысында Alatau City қаласының негізі қалануы және Атырау облысында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысының өтуін сөз етті.
"Айқын" газетіне берген сұхбатында Берік Уәли Президенттің кез келген тапсырмасы мен бастамасы еліміздің дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Ол қазіргі жаһандық сын-қатерлерге байланысты Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бюджет қаражатын оңтайлы жұмсау, мемлекеттік құрылымның тиімділігін арттыру және артық шығынды болдырмау қажеттігін баса айтқанын жеткізді. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, заңсыз шығарылған активтерді қайтару және орта буындағы кәсіпорындарды қалыптастыру мәселелерін де сөз етті.
Берік Уәли елімізді лақап атпен атаушыларға қатысты пікірін айтты.
Әлбетте. Қазір адамдар әлеуметтік желілердегі қажетті-қажетсіз ақпарат тасқынынан өзін қорғай алмай, сана сүзгісінен өткізбей, әртүрлі ойдың жетегіне оңай ілесетінін байқауға болады. Бұл өкінішке қарай, кейбір азаматтарымыздың алтын уақытын тиімді пайдалана алмайтынын, жеңіл-желпі бөстекі сөзге үйір екенін меңзегеннен айтылған пікір болатын. Мемлекет азаматтардың қалауын шектемейді. Бірақ әлеуметтік желіні де тиімді пайдаланып, табыс табуға, қоғамдық ой-сананы озық ету үшін үлес қосуға болады. Сондықтан әлдекімдердің қара ниетінен, тіпті қоғамдық пікірді манипуляциялаудан туатын, мемлекет беделіне нұқсан келтіретін арзан сөздерді қоғам болып тыйған ләзім. Президент осыған үндеді, - дейді ол.
Оның айтуынша, бұл бағыттар еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін маңызды болып отыр.
Еңбек адамына құрмет көрсету дәстүрі жалғасады
Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтары жылы" деп жариялады.
Мәселен, денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты заң медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін айқындап қана қоймай, олардың мәртебесін арттыруды, кәсіби міндетін атқару барысында жан-жақты қорғауды көздейді. Дәрігерлер қауымы бұл жаңалықты ыстық ықыласпен қабыл алды. Тұңғыш рет "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағы бекітіліп, алғашқы иелеріне табысталды, - деп жазды Берік Уәли өз мақаласында.
Берік Уәли Президенттің баспасөз қызметінде жүріп, тағы бір қызметті қоса атқарды. Ол "Құсбегілік" федерациясының президенті болды.
2022 жылы Республикалық "Құсбегілік" федерациясы ресми түрде тіркеліп, аккредитациядан өтті. Бұл қадам федерацияның қызметін жүйелеуге және тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
2023 жылдың екінші жартысынан бастап құсбегіліктен Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасы жасақталды. 24 спортшы федерация тарапынан тұрақты жалақы ала бастады. Еліміздің әр өңірінде федерация филиалдары ашылып, аға жаттықтырушылар қызмет атқаруда. Бұл аймақтарда құсбегілік өнерін насихаттауға және дамытуға ықпал етті.
"Хабар" телеарнасында "Құсқанат ғұмыр" атты ақпараттық-танымдық бағдарламаның 12 шығарылымы көрерменге ұсынылды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде "Қыран-Time" жобасы бастау алды.
2023 жылдың соңында Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан және Моңғолияның қатысуымен Халықаралық құсбегілік федерациясы құрылды. Бұл ұйым құсбегілік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Берік Уәли Көшпенділер ойыны қарсаңынды құсбегілердің дайындығын тексерді.
Еліміздің төрінде төрткүл дүние көз тіккен үлкен шара өткелі жатыр. Осы дүбірлі додада ел туын сеніп тапсырған спортшыларымызға федерация атынан сәттілік тілеймін. Шапқан аттың тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр даланың иесін, қыран баптап, құс салған бегзада өнердің киесін танытатын сәтте аянып қалмайық. Мемлекет басшымыздан бастап бүкіл ел бізге сенім артып отыр, - деген еді "Құсбегілік" федерациясының президенті.
Бүгін Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Абай облысының әкімі қызметіне тағайындалды.