Берік Асылов: Басты мақсатымыз – адам құқын қорғау

6 Желтоқсан 2022, 11:00
1732
Бөлісу:
Берік Асылов: Басты мақсатымыз – адам құқын қорғау

Қоғам өмірінің барлық саласында заңдылықтың сақталуын қадағалайтын прокуратура органдарының рөлі айрықша, деп хабарлайды BAQ.KZ egemen.kz-ке сілтеме жасап.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев прокуратураға үлкен міндеттер жүктеп отыр. Бүгінде прокуратура заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің сенім­ді тірегіне айналды. Ал 6 желтоқсан – Прокуратура күні қар­саңында Бас прокурор Берік Асыловқа қылмыстық істерді тергеу, бизнесті қорғау, Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақым­шылық жасау, шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару комиссиясының жұмысына қатысты сұрақтарымызды қойған едік.

– Берік Ноғайұлы, жуыр­да «Прокуратура туралы» жаңа заң қабылданып, құ­жат­­қа конституциялық мәр­тебе берілді. Прокурорлар мәр­­те­бесінің артуы – жоғары қадағалау органы жаңа Қазақ­стан қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі болады деген сөз. Осы орайда егемен елі­міздің жоғары қадағалау инс­титутының даму жолдарына, бүгінгі прокуратураның мис­сия­сына тоқтала кетсеңіз.

– Расында, прокуратураның төл тарихы бар. Әр кезең талабына сай міндеттер қойылды. Өкілеттіктер көлемі өзгеріп отырды. Бірақ қай уақытта да прокуратураның басты функциясы өзгерген жоқ. Ол – барлық салада заңдылықты қамтамасыз ету.

Прокуратураның басты миссиясы – адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Конституцияда негізгі үш функция көрсетілген: заңды­лықтың сақталуын жоғары қада­ға­лау, сотта мемлекет мүддесін білдіру, қылмыстық қудалау.

Тәуелсіздік жылдары, прокуратура кеңестік жазалау органынан құқық қорғау институтына айналды. Оның қоғамдық орны жаңғырды. Егеменді елімізді қалыптастырудың барлық негізгі құжаттарында прокуратураның рөлі мен қызметтері нақты көрсе­тіліп отырды. Мысалы, еліміздің бірінші ең жоғарғы саяси құжаты – 1990 жылғы 25 қазандағы Мем­лекеттің егемендігі туралы декларацияда республика аумағында заңдардың дәлме-дәл және біркелкі орындалуын прокуратура қадағалайды деп көрсетілді.

1991 жылы 6 желтоқсанда прокуратура органдарының бірың­­­ғай жүйесін құру, олардың дербестігін және тәуелсіздігін қам­тамасыз ету туралы Жоғарғы Кеңестің қаулысы қабылданып, еліміздің қадағалау органы тарихында жаңа белес басталды. Осы күннен бастап Қазақстан про­­­куратурасы Кеңес одағы про­­куратурасының құрамынан шы­ғып, дербес мәртебе алды. Сол күн­-
нен бері, міне, отыз бір жыл өтті.

Бүгінде 6 желтоқсан кәсіби мереке күні ретінде аталып, тәуел­сіз Қазақстанның қадағалау орга­нының тарихы бастау алған күні деп саналады. Жоғары қада­ғалау жүйесінің қалыптасу жо­лын­дағы келесі қадам – 1993 жыл­ғы еліміздің бірінші Конс­титу­циясының қабылдануы болды. Онда прокуратураға арналған же­ке тарауда заңдардың дәлме-дәл және біркелкі орындалуын қадағалауды жүзеге асырады деп бекітілді.

1995 жылғы Конституцияға келсек, ол прокуратура мәртебесін нақты анықтап, Президентке тіке­лей есеп беретін орган ретінде бекітті. Өткен уақыт ішінде прокуратура қызметкерлері кәсіби борыштарын мінсіз орындап келеді.

Мынаны ескере кеткен жөн болар, прокуратура – ең бірінші құрылған ұлттық органдардың бірі. Өйткені елімізге сенімді құқықтық қалқан керек болды.

Жас мемлекет алдында көп­те­ген сынақ тұрды. Өтпелі кезең­де елімізді сақтап қалу, аяқ­қа тұрып кету ең маңызды мә­селе еді. Қылмыс өршіп кет­ті. Өндіріс тоқтап қалды. Жап­пай жұмыссыздық. Жалақы, зейнетақы уақытында төленбеді. Осындай қиын уақытта прокуратура қоғам­да заңдылық пен тәртіпті бекітуге күш салды. Яғни еліміз үшін ауыр да жауапты кезеңде прокуратура қылмыспен, әсіресе оның ұйымдасқан түрімен күресте еліміздің барлық құқық қорғау қуатын біріктіріп, мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің заңды­лығын, мемлекет иелігінен алу ке­зінде оны заңсыз қол сұғудан қор­ғауды ерекше бақылауына алды.

– Қазақстан прокуратурасын алғаш басқарған азаматтар кімдер еді?

– Қазақ жерінде 1922 жылы прокуратура алғаш құрылғанда бірінші Әділет халық комиссары әрі Республика прокуроры болған Шафхат Бекмұхамедовтің есімі ескерусіз қалмауға тиіс. Со­ны­мен қатар Қазақ КСР-нің бі­рін­ші прокуроры Сүлеймен Есқа­раевтың есімі біз үшін қымбат.

Тәуелсіздік тарихына келсек, жаңа үлгідегі прокуратураны қа­лыптастыруға Қазақстанның Бас прокурорлары – Жармахан Тұяқбай, Мақсұт Нәрікбаев, Степан Шуткин, Юрий Хитрин, Рашид Түсіпбеков, Қайрат Мәми және басқалары ерен еңбек сіңірді.

Төл тарихымыздағы орны бөлек тұлға – Өтеген Сейітов. Ке­лесі жылы Өтеген Сейітовтің 100 жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарлап отырмыз. Бұл бастаманы ардагерлеріміз де қолдады.

Жалпы, ардагерлерімізге деген ықыласымыз шексіз. Қазір прокуратура ардагерлерінің жалпы саны 1 700-ден астам. Олар прокуратура органдарының арда­герлері одағын құрып, әлі күнге дейін жоғары қадағалаудың өрістеуінен қол үзген емес.

– Қазіргі кезде прокурату­раның әлеуеті қандай?

– Бүгінге келсек, қадағалау потенциалы нығайды. Прокуратура халықаралық стандарттар негізін­де дамып келеді. Бұл алдымен – тәуелсіздік принципі, қадағалау қызметіне араласуға жол бермеу. Басты назарымызда адам құқығын қорғау тұр. Прокуратураның бас­ты бір функциясы – сотта мем­лекеттік айыптауды қолдау, яғни  сотта заңдылықтың сақта­луын қамтамасыз ету, кінәсі жоқ адамды қылмыстық жауапқа тартуға жол бермеу.

Тек соңғы екі жылда про­курор­лардың бастамасымен соттарда 257 сотталған адамның жазасы қысқарды немесе жеңіл жазаға ауысып, 57 адам толық ақталды. Оның үстіне, халықаралық салаға үлкен көңіл бөлудеміз. Бұл ба­ғыттағы негізгі жұмысымыз – басқа елде жасырынып жүрген қылмыскерлерді алдыру, шетелде жазасын өтеп жатқан азаматтарымызды елге қайтару, өзге мемлекеттерге қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету.

Осы мәселелер бойынша шетелдермен халықаралық шарт­тар жасау оң жолға қойылды. Бүгінде 34 елмен 72 халық­ара­­лық шартқа қол қойылды. Оның ішінде Қытай, АҚШ, Ұлы­британия, Үндістан, Брази­лия сияқты ірі мемлекеттер бар. БҰҰ-ның қы­лмыспен күрес, адам құқық­тарын қорғау туралы негізгі конвенцияларына қосыл­дық. Қазір Еуропа кеңе­сінің қылмыстық сот туралы кон­венцияларына қосылуды қарас­­тырып жатырмыз.

– Соңғы жылдары қылмыс­тық реформалау бағытында қандай өзгерістер бар? Жалпы, қылмыстық процестегі проку­рордың рөлі қандай?

– Бүгінде қылмыстық процес­ке үш буынды модель енгізілді. Үлгі ретінде дамыған елдердің тәжірибесі алынды. Бұл біздің стратегиялық бағытымыз деп айтуға болады. Модельдің бас­ты мақсаты – тергеу органдары, прокуратура және сот арасында құзыреттерді нақты бөлу.

Жаңа тәртіп қылмыстық процесте 2 жылдан бері қолданылып келеді. 2021 жылдан бері тергеу­дің негізгі шешімдері прокурор келісім берсе ғана заңды болып есептеледі. Нәтижесі жақсы. Тер­геу кезінде заң бұзушылық азайды. 2 жылда прокурорлар 700 мыңнан астам шешімді бекітіп, 77 мың заңсыз шешімді қайтарды. Биылдан бастап тергеудің басты құжаты – айыптау актісін прокурор өзі жазып, бекітетін болды.

Қылмыстық саланы цифр­ландыру да біздің маңызды жетістігіміз. Бүгінде қылмыстық істердің 90 пайызы электрон­ды түрде тергеледі. Бұл фальси­фикацияға жол бермейді. Ең бастысы, қылмыстық процес­тің жылдамдығы артты.

– Бас прокурормен сұхбат­тасып отырып, Қаңтар оқиға­сынан айналып өте алмаймыз. «Қасіретті қаңтарға» қатысты істерді тергеу қалай жүріп жа­тыр? Соттарда қанша іс қа­ралды? Кінәлі адамдарға қан­дай жаза тағайындалды?

– Қаңтар оқиғасы бойынша 5 мыңнан астам іс қозғалды. Көпшілігі сотқа жолданды. Бүгінде 1 мыңнан аса адамға сот үкімі шығарылды. Мәсімов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа басшыларына және бұрынғы Қорғаныс министрі Бектановқа қатысты істер қазір сот қарауында жатыр. Олар мемлекетке опасыздық, билікті асыра пайдалану бойынша айыпталуда.

Азаптау туралы ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік орган­дарының 29 қызметкерін тергеу аяқталды. Алматы қаласы, Алматы, Қызылорда облыстары ұлттық қауіпсіздік депар­таменттері, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшылары тергеу материалдарымен танысып жатыр.

– Берік Ноғайұлы, Қаңтар оқиғаларына қатысқан қанша адамға рақымшылық жасалады? Кімдер рақымшылыққа ілінбейді, оларға қандай талаптар қойылады?

– Әрине, қаңтарда еліміздің тәуелсіздігі, тұтастығы, ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнді. Осының бәріне қарамастан Президент батыл қадамға барып, жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыс жасағандарға рақымшылық беру туралы шешім қабылдады. Қазір амнистия жүріп жатыр.

Рақымшылық шамамен 1,5 мыңға жуық адамды  қамтиды. Бү­гін­де олар­дың жартысына амнис­тия жа­салды. Рақымшылық туралы заңның бірқатар ерек­шелігі бар. Қылмыстық кодекстің рақымшылыққа жататын нақты баптары және кезеңі бекітілді. Олар – қаңтар айында болған қылмыстар. Сол күндері тәртіп­сіздік жаппай орын алды.

Терроризм, экстремизм, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған, азаптаумен айыпталған адамдар, рецидивистер рақымшылыққа жатпайды. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыс жаса­ғандар жазадан толық босатылады. Соттылығы алынып тасталады. Ауыр қылмыстар бойынша жазаның төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар бойын­ша жартысы қысқарады. Түзе­ту мекемесінен шыққандарға әлеуметтік, медициналық көмек, жұмысқа орналастыру сияқты қолдау көрсету көзделген.

– Көпшілікті қаңтарда ұстал­ғандарды азаптау мәсе­лесі тол­ған­дырып отыр. Бұл бағыт­та қандай жұмыстар жүр­гізіліп жатыр?

– Өздеріңізге белгілі болған­дай, Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандарға қатысты азаптау фактілері туралы арыз-шағымдар көбейіп кетті. Әлеуметтік желі­лерде видеолар және түрлі жазбалар таратыла бастады.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы азаптау қылмыстарын прокуратура тергеуге тиіс деп тапсырма берді. Сондықтан жуыр­да Қылмыстық-процестік кодекске түзетулер жасалды. Келесі жылдан бастап азаптауды прокурорлар ғана тергейді.

Қазір Бас прокуратура азаптауды болдырмау үшін кешенді жұмыс атқарып жатыр. Ар­найы топ құрылды. Олар изоляторларда, түзету орындарында азаптауға жол бермеу шараларын қолға алды. Бүгінде 23 жазаны өтеу мекемесінде толық бейне-бақылау енгізілді. Келесі жылы барлығы қамтылады. Қазір прокурорлар бейнекамераларды онлайн режімде қадағалап отыр.

– Мемлекет басшысы сізге Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияны басқаруды тапсырды. Құ­рылғанына алты айдан асқан комиссия жұмысының нәти­жесі қалай?

– «Қасіретті қаңтарға» түрткі болған себептердің бірі – орасан экономикалық ресурстардың санаулы топтың қолында шоғыр­лануы. Сол себепті Президент олигополияға заңсыз өткен актив­терді қайтару және болашақта оған жол бермеуді тапсырды. Мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен Ар­найы комиссия құрылып, оның жұмысын үйлестіру Бас про­куратураға жүктелді.

Комиссияның алдына елден заңсыз шығарылған қаражатты қайтару және заңсыз алынған экономикалық ресурстарды анық­тау, оларды мемлекетке қайтару міндеті қойылды.

6 айда мемлекетке 630 млрд теңге қайтарылды. Оның 400 миллион доллары шетелден келді. Бұдан бөлек, прокурорлар 79 мың гектар жер учаскесін, 600 темір жолды мемлекет меншігіне қай­тарды. Кеден саласында 57 миллиард теңге бюджетке түсті. Соттарға мүлікті мемлекетке қай­та­ру туралы талап-арыздар беріл­ді. Жалпы сомасы 13,5 миллиард теңге.

Бас прокурор ретінде Жоғарғы сотқа олигополия мүддесіне шыға­рылған сот шешімдеріне наразылық енгіздім. 17-сін Жоғар­ғы сот қолдады. Олар бойынша бюджетке 23 миллиард теңге қайтарылады.

26 қарашада Президент заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөнінде арнайы Жарлық қабылдады. Үкімет пен Бас прокуратураға келесі жылдың наурыз айына дейін тиісті заң жобасын әзірлеу және шетелдермен жүйелі іс-қимылды қамтамасыз ету тапсырылды. Ол үшін арнайы құрылымдық бөлімше жасақталу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жұмысты да абыроймен атқарамыз деп сенемін.

– Қазір мемлекет бизнесті қорғауға жеткілікті назар ауда­рып отыр. Осы бағытта про­ку­ратура қандай шаралар қол­данады?

– Прокуратураның басты міндеттерінің бірі – кәсіпкерлер құқықтарын қорғау. Бизнеске қысым көрсетудің жолын кесу үшін бірқатар нақты қадам жасалды. Әсіресе қылмыстық салада. 2 қыркүйекте тергеу органдарына қылмыстық іс қозғау негіздерін шектейтін нұсқау жолдадым. Бизнеске қарсы қозғалған істі прокурор 24 сағат ішінде тексеруге міндетті. Егер заң бұзылса, іс бірден тоқтатылады.

Енді нәтижесіне тоқталсақ. Бұрын бір айда 150 іс тіркелетін. Нұсқау қабылданған соң бұл сан екі есе азайды. Соңғы екі ай ішінде прокурорлар 500-ге жуық қылмыстық істі тоқ­тат­ты. Жалпы, бизнесті қор­ғау мақ­са­тында кешенді жұмыс­­тар жасалуда. Кәсіпкерлерді тек­серу 8 есе азайды. Барлық тексеру прокуратурада тір­келеді. Бұл жұмыстың бәрі автоматты жүйеде жасалады. Оның көмегімен жылына 1 мың­дай заң­сыз тексеруді тіркеуге жол беріл­мейді.

«Қамқор» қосымшасы ар­қы­лы кәсіпкер тексеру барысын бақылай алады. Қандай мәсе­лемен тексеруге келеді, тексеру қорытындысын, кімдер келеді – бәрін жүйеден көруге болады. Бұл инструменттерді әрі қарай жетілдіріп жатырмыз.

– Прокуратура күні қар­саңында әріптестеріңіздің күн­делікті жұмысы туралы қысқа­ша айтып өтсеңіз...

– Прокурор жұмысы  қажырлы еңбекті талап етеді. Әңгімеміздің басында айтып кеттім, қадағалау саласы жан-жақты. Адамдар прокурорға бар үмітін артып келеді. Сол үміт отын өшірмей, барынша көмектесу, қиын кезде демеу жасау – біздің ең басты міндетіміз.

Бір күнде жүздеген арыз-шағым түсіп жатады. Әсіресе қылмыстық сала бойынша мәсе­лелер тез шешуді талап етеді. Өйт­кені адамның құқығын шектеуге жол бермеу – аса маңызды. Осы жауапты міндеттерді орындау үшін прокурор табанды, белсенді, білімді, алдына нақты мақсат қоя білетін, салиқалы әрі әділ, елмен тіл табысып жұмыс істей алатын, сындарлы жағдайда тез шешім қабылдай алатын қызметкер болуға тиіс.

Әріптестерім Ота­нымыздың өркендеуі үшін заңға адал қызмет етуді жалғастырып, қойылған мін­деттерге аса жоғары кәсіби дең­гейде қол жеткізеді деп сенемін. Төл мерекеміз құтты болсын!

– Әңгімеңізге рахмет.

Өзгелердің жаңалығы