Берік Әбдіғалиұлы: Жезқазғанда сапалы су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ

12 Шілде 2021, 10:17
4355
Бөлісу:
Берік Әбдіғалиұлы: Жезқазғанда сапалы су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Мәжілісінің депутаты, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған өңірінің мәселелерін атады. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

2-3 шілдеде Жезқазған қаласына жұмыс сапары барысында қала активімен, қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқыладық. Негізгі өзекті мәселе - сапалы су әлі де өз шешімін таппай жатыр, көп қаражатты талап етеді. Үкімет пен Мәжілістің арнайы жиынын өткізу қажет, - деп жазды ол.

Сонымен қатар депутат Жезқазған музейінде болып, ғимаратын кеңейту бойынша жүріп жатқан жұмыстармен танысты.

Құрылысы аяқталмаған 320 орындық балабақшада болып, ғимаратының құрылысын аяқтау жұмыстарын талқыладық. Мердігердің кесірінен енді тек демеушінің көмегі керек. Облыс әкімінің бақылауында тұр. Сонымен бірге, Жезқазған көлік және бизнес колледжінде болып, оқу-тәрбие жұмысы, материалдық базасымен танысып, кәсіптік білім беру мәселелері жөнінде пікір алмастық. Сапалы білім беретін жеке оқу орындарына қолдау көрсету қажет, - дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Сәтбаев қаласына жұмыс сапары барысында ақсақалдармен, қала активімен кездесіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері, экологиялық жағдай және оны шешу жолдары талқыланды. 

Қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатқан «Юность» стадионына ат басын тіредім. Қалада көңіл толатындай бірқатар жұмыстар атқарылған. Ұлытау ауданына іссапар барысында бірқатар нысандарда болдым. Аудан активімен болған жиында түйткілді мәселелер қозғалып, шешу жолдары талқыланды. Елімізде тұңғыш рет өткелі отырған ауыл әкімдерінің сайлауын әділетті өткізу жолдарын қарастырдық. Аудан орталығында салынып жатқан 70 пәтерлік 5 көпқабатты тұрғын үйлерде болып, құрылыс жұмыстарымен таныстым. Бүгінгі күні үй кезегінде 140-тан астап ауыл тұрғындары тұр. Сонымен бірге, азаматтарды жеке қабылдау өткіздім, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы