Берекесі бірлікпен бекіген отбасы

29 Сәуір 2025, 23:50
450
Бөлісу:
Берекесі бірлікпен бекіген отбасы
Фото: автордан

Жарты ғасыр отасқан Белқожа Еділбаев пен жары Лесқұл Нарқұлованың өмір жолы көпке үлгі, өнеге. Отбасы – әр адамның алтын діңгегі, жүрек тынысы, өмір мектебі. Осындай іргесі берік, керегесі кең, терезесі тең іргелі отбасының бірі – Еділбаевтар әулеті. Жарты ғасыр отасқан Белқожа Еділбаев пен жары Лесқұл Нарқұлованың өмір жолы көпке үлгі. Өнегелі шаңыраққа бас сұққан BAQ.KZ тілшісі татулық пен ынтымағы жарасқан үйдің лебізін тыңдады.

Қоғамның берік негізі де, тәрбиенің алғашқы қазығы да осы қара шаңырақтан бастау алады. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тағылымды сөз бар. Бұл – отбасындағы тәрбие мен сыйластықтың адам болмысына тікелей әсер ететінін дәлелдейтін өмірлік шындық. Қаракемер ауылында дәл осындай өнегесімен, бірлігімен, сабырымен көпке үлгі болып отырған отбасылардың бірі – Еділбаевтар әулеті. Белқожа Еділбаев пен жары Лесқұл Нарқұлова отасқандарына биыл 50 жыл толып отыр. Жарты ғасыр – бұл кездейсоқ емес, өзара түсіністік пен сыйластыққа, төзім мен махаббатқа құрылған өмірлік одақтың жемісі. Белқожа ағай мен Лесқұл апай бір-бірін сыйлап, қолдап, сан қиындықты иықтаса көтеріп, шаңырақтың шаттығын сақтап келеді. Олардың өмірге деген қарапайым, бірақ мықты көзқарасы, отбасындағы жылылық пен ұрпақ тәрбиесіне мән беруі – көптеген жас жұбайларға үлгі боларлық.

Біз ешқашан дауыс көтеріп, бір-бірімізге ауыр сөз айтып көрген жоқпыз. Тыныштықты сақтап, «сабыр түбі – сары алтын» деп, бәрін ақылмен шешуге тырыстық. Адамның бір-бірін шын құрметтеп үйренуі – отбасының тірегі. Барлығы сонда ғана берік болады, – дейді Белқожа ақсақал.

Жарты ғасырлық өмірінде ерлі-зайыпты екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде олардан 16 немере сүйіп отырған жайы бар. Ұрпағының алдында арын таза сақтап, өнегелі жол көрсеткен Еділбаевтар – өз балалары мен немерелеріне адал еңбектің, үлкенге құрмет пен кішіге қамқорлықтың шынайы үлгісін көрсетіп келеді. Балалары түрлі салада еңбек етіп, ел игілігіне қызмет етуде. Олар ата-аналарының тәлімін бойына сіңіріп, өз шаңырақтарында да татулық пен тәртіпті берік ұстанып жүр. Лесқұл апай отбасындағы әйел адамға жүктелер жауапкершіліктің де, мейірімнің де салмағы зор екенін жасырмайды.

Әйел – отбасының шырақшысы. Ол тек үй тірлігін емес, отбасының жылуын сақтаушы. Ер-азаматына тірек, баласына мейірім, немересіне өнеге болуы керек. Біз бала кезімізден үлкенді тыңдауды, ініге ізет, қарындасқа қамқор болуды үйреніп өстік. Қазір соны келіндеріме айтып отырамын. Келін – қыздан кем емес. Келін жақсы болса, үйің де жарық болады, – дейді ол.

Осы сөздің өзінен-ақ Лесқұл апайдың байыпты мінезін, даналықпен сөйлейтін аналық болмысын аңғаруға болады.

Еділбаевтар отбасы – бүгінде ұрпағының ғана емес, ауылдастарының да құрметіне бөленіп отыр. Олар әрдайым ақылымен жол сілтеп, ауыл ішіндегі түрлі шараларға белсене қатысып, ізгіліктің иесі екенін дәлелдеп жүр. Мерейтойлар мен қоғамдық басқосуларда жастарға ақыл айтып, береке мен бірліктің қадірін түсіндіруден жалықпайды.

Әкем мен анам – біздің өміріміздегі ең үлкен тірегіміз, ақылман ұстазымыз. Әкемнің еңбекқорлығы мен сабырлылығы, анамның мейірімі мен даналығы бізге өмірлік бағыт берді. Екеуінің бір-біріне деген құрметі мен сыйластығы – біздің отбасылық өмірімізге үлгі. Өз отбасымызда да сол құндылықтарды ұстануға тырысамыз. Ол кісілер үнемі ұл-қыздарына, немерелеріне «білімді болыңдар, бірақ ең бірінші адам болыңдар» деп айтып отырады. Әжелерінің пісірген бауырсағы мен аталарының айтқан ескі әңгімелерін тыңдағанда біздің отбасы ұнатады. Бәріміз үшін бұл сәт ең қымбат сәттер. Олармен бірге отыру – үлкен бақыт, – дейді отбасының қарашаңырақтағы келіні Мөлдір Тоқбергенова.

Осы ауылға алғаш келін болып түскенде, Мөлдір жолдасының шешімімен осы жерде қара шаңырақта қалды. Ата-ананы қарап, олардың тәрбиесін алып, бірінен кейін бірін балаларын дүниеге әкелді. Арасында отбасылық өмірімен қатар мамандығы бойынша Қаракемер ауылдық әкімдігінің аппаратына маман болып жұмысқа орналасты. Өзінің пысықтығы, алғырлығы әрі түскен шаңырақтың үлкен қолдауымен барлығына үлгеріп, жүрді. Кейін балалар өскеннен кейін қыз күнінен арман болған аспаздықты қолға алды. Бастапқыда Тараз қаласындағы дәмханалардың бірінде аспаз болып, еңбек жолын бастады. Ол жерден көп тәжірибе жинақтай келе, өзінің жеке кәсібін бастауды жөн көреді. Бұл ойын жолдасы Еркін бірден қолдай кетіп, екеуі бірлесе, бизнес жоспар құрады. Олардың мақсаттары халық асыға келетін, бір тағамды басты ас мәзірі етіп, дәмхана ашу болатын. Ерлі-зайыпты ұзақ ақылдаса келе, балық өнімдерін таңдап, "Балық" дәмханасын ашты. Бұл ретте көпбалалы ана ретінде арнайы жазған бизнес жобасын тиісті орынға ұсынып, қайтарымсыз грант жобасына қатысты. Идея бірден қолдау тауып, мемлекеттің берген қайтарымсыз грант жеңімпазы атанды. Осылайша, Аса ауылында орналасқан "Балық" дәмханасының ашылуына сеп болған ерлі-зайыпты бірлесе жұмысқа кірісті. Олардың басты қолдаушылары – ата-аналары. Бірақ отағасы өз мамандығы бойынша жұмысты тастамай, екеуін қатар алып жүрді. Ал шағын кәсіпкерліктегі барлық ішкі жұмыстарды Мөлдір өз мойнына алды. Ал жолдасы Еркін де еңбек етеді. Олар түзде жүргенде отбасын ұйытып, берекені келістіріп отыратын ата-аналарына алғыстары көп.

Біздің бала күніміз тек махаббат пен мейірімге толы ортада өтті. Үйімізде дауыс көтеру деген болмаған. Әкем мен анам қандай жағдай болмасын, бір-бірін қолдап отырды. Қазір өз балаларыма қарап отырып, ата-анамнан үйренген тәрбиеге шүкіршілік етемін. іздің отбасымызда бала тәрбиесі ешқашан арнайы айтылып, шарт ретінде қойылмады. Ата-анамыздың күнделікті өмірі, бір-бірімен сөйлесуі, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы – бәрі бізге үнсіз тәрбие болды. Әкем Белқожа мен анам Лесқұлдың арасында ешқашан кикілжің, реніш болмағанын көріп өстік. Бір-біріне деген қамқорлықтары, сабыр мен сыйластықтары – бізге отбасылық өмірдің шынайы бейнесі болды. Әкем еңбекке адал жан. Ешқашан жалқаулыққа жол бермейтін. «Адал еңбектен абырой туады» деп отыратын. Ол бізге ешқашан қатты сөйлемей, бірақ бір ауыз сөзбен-ақ жөн сілтей алатын. Ал анамыз – отбасының жылуы. Сабырлы, мейірімді, ешкімге дауыс көтермейтін. Үйде ұрыс болған емес. Бәрі өз ретімен, тыныш өтетін. Бізге берген тәрбиелері – шын мәнінде өмірлік сабаққа айналды. Қазір өз отбасым бар. Әкем мен анамнан көргенді мен де балаларымның бойына сіңіргім келеді. Бақыттың негізі – байлықта немесе атақта емес, ол – татулықта. Осыны ата-анамыз бізге жан-тәнімен ұғындырды. Біз үшін отбасы – қасиетті ұғым. Оның ішінде бірлік пен береке болмаса, ештеңенің мәні болмайтынын жақсы түсінеміз. Осы елу жылда ата-анамыздың бірге өткерген сәттері, бір-біріне деген құрметі – біз үшін тек мақтаныш емес, болашақ ұрпағымызға қалдырар аманат. Өнегелі отбасы – ел тірегі. Біз сондай отбасының ұрпағы болғанымыз үшін әрдайым Аллаға шүкір етеміз – дейді ұлы Еркін Еділбаев.

Мұндай отбасылар – ұлттың негізін құрайтын басты құндылық. Отбасы мықты болса – мемлекет те берік. Сондықтан Еділбаевтардай өнегелі шаңырақтар ел ішінде көбейсе, ұлт болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Бүгінде Белқожа ата мен Лесқұл апа алтын тойларына жетіп, өмірден көргенін, көңілге түйгенін ұрпағына өнеге етіп айтып отыр. Олар үшін ең үлкен сыйлық – бала-шағасының амандығы, немерелерінің шат күлкісі, бір шаңырақтың астындағы сыйластық пен түсіністік. 50 жыл – бұл тек мерейтой ғана емес, бір әулеттің тағылымы мен тарихы. Қарапайым ауылдан шыққанымен, жүрегі кең, тілегі таза бұл отбасы ел ішіндегі жарасымды өмірдің үлгісі. Еділбаевтар әулеті – өнегелі өмірдің көркем үлгісі. Қарапайымдылық пен мейірім, сабыр мен сыйластық үстемдік құрған бұл жанұя – әр қазақ баласы ұмтылардай, құрмет тұтарлық шаңырақ. Осындай отбасылар көбейген сайын ел бірлігі беки түсері анық.

Өзгелердің жаңалығы