Премьер-министр Әлихан Смайылов елдегі жанар-жағармай бағасының өсуі инфляцияға қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шын мәнінде, жанар-жағармай бағасының өсуі инфляциялық процестерге белгілі бір мөлшерде әсер етеді. Егер орта есеппен жан басына дизотынның тұтыну себеті 0,4 мөлшерінде және және АИ-92 маркалы бензин 2 пайыз көлеміндегі үлесін ескерсек, оның инфляцияның жалпы деңгейіне тікелей әсері 0,35 пайызды құрайды. Бұл тікелей әсері, - деп атап өтті Әлихан Смайылов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Айтуынша, сондай-ақ жанама әсері де бар.
Дизель отыны мен бензин өндірушілеріміздің шығыны құрылымына кіретінін ескерсек, белгілі мөлшерде мультипликативті ықпалы да жоқ емес. Мемлекет басшысы жыл соңына дейін инфляцияның деңгейін екі есеге төмендету бойынша міндет қойғанын білесіздер. Сондықтан Үкімет инфляциялық процестерді тежеу бойынша жүйелі де шұғыл шаралар қабылдайды, - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол инфляция деңгейіне де тоқталды.
Наурыз айының қорытындысы бойынша инфляция қарқынының айтарлықтай бәсеңдегенін көріп отырмыз. Егер ақпанда жылдық инфляция 21,3 пайызды құраса, наурызда 18,1 пайызды көрсетті. Бұл үрдіс әрі қарай жалғаса береді. Инфляциялық процестерді тежеуге бағытталған іс-шаралар кешенін әрі қарай белсенді іске асырамыз, - деді Премьер-министр.