Бензин бағасы әлі өседі, көлік иелері осыған дайын болуы керек – сарапшы

17 Маусым 2021, 11:18
6490
Бөлісу:
Бензин бағасы әлі өседі, көлік иелері осыған дайын болуы керек – сарапшы
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда барлық маркалы бензин бағасы қымбаттады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметіне сүйенсек, ең сұранысқа ие АИ-92 бензин бағасы мамыр айында литрі үшін 171,3 теңгені құрап, жылына 12,8% пайызға өссе, АИ-95/96 бензинінің бағасы литрі үшін 192,1 теңгеге жетіп, жылдық өсім 11,6%-ды құраған.

Ортақ нарық бағаны көтеруге мәжбүрлейді

Елде бензин бағасы көтеріле бастаған наурыз айында «Argus Media» компаниясының Орталық Азия және Каспий аймағы бойынша вице-президенті Тимур Ілиясов оның бірқатар себебін атаған болатын. Ол бағаның өсу себептерін екіге бөліп қарастырды. Бірі - ішкі жағдайларға байланысты болса, екіншісі - жаһандық үдерістерге қатысты. Ішкі себеп ретінде спикер Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қаңтарда басталған өндірістегі проблеманы атап көрсетті. Сонымен қатар мамырдың бірінен маусымның онына дейін Шымкент мұнай өңдеу зауытында, шілде айында Павлодар мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары басталады деп күтілген еді. Ал елде мұнай өңдейтін небәрі үш зауыт бар болғандықтан, біреуінің болсын уақытша тоқтауынан ішкі нарықтағы сұраныс толықтай қанағаттандырылмайды.

Оның үстіне жанар-жағар май стансалары бағаны негізсіз өсіруге жол берген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметіне сүйенсек, бөлшек саудада нарық қатысушылары арасында келісілген әрекеттер анықталып, антимонополиялық ведомство 14 хабарлама жолдады. Олардың арасында PetroRetail, Гелиос, Sinooil компаниялары бар.

Тимур Ілиясов жаһандық себептер ретінде әлемдегі мұнай бағасының құбылуын атап өтіп, тағы бір маңызды мәселеге тоқталды.

Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа өтуі елде бензин бағасын көтеруді талап етеді. Өйткені одаққа енген елдер үшін 2025 жылы мұнай өнімдерінің нарығы ортақ болады. Ал біздің мемлекет бензин бағасы ең төмен елдер қатарына кіреді. Сондықтан одақ елдері үшін бізден мұнай ең қолжетімді болып, бұл елде бензин тапшылығын туындатуы мүмкін, - деген еді ол.

Алайда Тимур Ілиясов елімізде үш мұнай өңдеу зауыты толыққанды іске қосылған соң, бензин бағасы тұрақтауы ықтимал деген болжам жасаған еді.

Ал Энергетика министрлігінің «Адалдық алаңы» офисінің жетекшісі, мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов Қазақстанда бензин бағасы өспесе арзандамайды, өйткені елдегі мұнай өнімдерінің бағасы өзіндік құнынан төмен деген пікірде. Ол өз ойын санмен де дәлелдеп берді.

Тауар өзіндік құнынан төмен бағада сатылмауы керек. Көпшілік Қазақстан мұнай өндіруші ел болғандықтан, бізде бензин арзан болуы керек деп есептейді де, Біріккен Араб Әмірліктерін мысалға келтіреді. Ол жақта бензин арзан-мыс. Шын мәнінде ондағы АИ-95 маркалы бензин бағасы 250 теңгеге тең, яғни біздікінен 80 теңгеге қымбат. Көршілес Ресейде де аталған маркалы бензин бағасы 250-270 теңге, - дейді ол.

Бізде дайын өнім шикі мұнайдан арзан

Олжас Байділдиновтің айтуынша, қазірігі күні елде АИ-92 маркалы бензин бағасы шамамен 170 теңге тұрады. Егер оны баррель мен долларға аударса, біздегі бензиннің бір баррелі 60 долларға тең болады. Ал өңдеуді қажет ететін шикі мұнайдың бағасы ғана әлемде баррелі үшін 70 долларды құрайды.

Демек, бізде өңделген дайын өнім шикі мұнайдан арзан тұрады. Мысалы, сүт нарығында қаймақ сүттен арзан болса, қалай болар еді. Мұндай жағдай әлемнің ешқандай елінде жоқ, бізде ғана бар. Біздің мұнай өнімдеріміз өңдеу кәсіпорындарына баррелі үшін 20-30 доллардан кіреді. Бұл әлемдік бағадан екі-үш есе төмен. Сол үшін де бізде бензин бағасы арзан. Алайда бұлай жалғаса бере алмайды. Өйткені Еуразиялық экономикалық одақтың, Бүкіләлемдік сауда ұйымының талабы бар. Ол талаптар мемлекеттің ішкі нарықты субсидиялауына жол бермеуге негізделген. Бұл әлемдегі жағдайды реттеу үшін қажет, - дейді ол.

Қазіргі күні Қазақстан тарифтері төмен 20 елдің қатарына кіреді. Оның ішінде су, энергия, тағы басқалары бар.

Біз электрэнергиясы бойынша да төмен тариф топ ондығына енеміз. Әрине, өзге елдерде күнкөріс деңгейі жоғары деуімізге болады. Алайда егер біздің елдегі орташа жалақыны бензин бағасына бөлсе, бір литр бензиннің бағасы кез келген азаматтың қалтасы көтере алатындай бағада шығады, - дейді спикер.

Оның айтуынша, бензин және энергия мәселесіне қатысты қалыптасқан жағдай Қазақстан әлемдік нарыққа жақындамай тұрақтамайды.

Ал әлемдік баға мұнай өнімдерінің бағасынан, ішкі нарыққа тасымалдау және өзге шығындардан құралуы керек.

Өйткені мұнайды зауытқа жеткізу, өңдеу, жанар-жағар май стансасына тасымалдау, жұмысшыларға жалақы төлеу, салық, акциздердің бар екенін де ескеру қажет, - дейді ол.

Баға былтыр өсуі тиіс болған

Спикердің айтуынша, елде бензин әлі өзінің лайықты бағасына жеткен жоқ. Олжас Байділдинов те бірінші спикердің Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығы бағаны көтеруге мәжбүрлейтінін атап өтті.

Егер көршілердің, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің АИ-92 марқалы бағасына көз жүгіртсек, оның біздікінен 60-80 теңгеге жоғары екенін байқауға болады. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі баға деңгейіне ұмтылуы тиіс. Менің ойымша, АИ-92 маркалы бензин бағасы алдағы жылдары 200 теңге шамасында болады. Автокөлік иелері осыған дайын болулары керек. Өйткені одақтың ортақ нарық жағдайында біздің арзан мұнай өнімдеріміз өзге елдерге кетіп қалады. Бұл ішкі нарықта дефицит тудырады, - деді ол.

Сарапшының сөзіне сүйенсек, өндірушілер бір жыл көлемінде өнімдерін нарықтағы бағадан төмен саудалап келген, ал шығындарын экспорттан түскен табыспен жабуға тырысқан. Алайда үнемі бұлай жалғаса бере алмайды.

Қазіргі күні әлемдегі мұнай бағасының түсуіне байланысты экспорттық табыс та төмендеді. ОПЕК+ шеңберінде оны өндіруге де шектеу қойылды. Негізінен бензин бағасы өткен жылы қымбаттауы тиіс болған. Алайда нарық қатысушылары әлемде, елде қалыптасқан экономикалық жағдайға байланысты оған жол бермеді. Өткен жылдың қаңтарында мұнай өңдеу акциздері литрі үшін 5-7 теңгеге қымбаттағанын естеріңізге сала кетейін. Ал биыл Қазақстан темір жолы тасымалдау тарифін 13 пайызға көтерген болатын, - дейді ол.

Ол сонымен қатар жыл соңына дейін бензин бағасы қалай құбылады деген сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, АИ-92 маркалы бензин бағасы 190 теңгеге жете қоймайды. Алайда 180 теңге болуы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы