Белсенді өмір сүру орталықтары зейнеткерлеріміздің өмірін өзгертуде

28 Маусым 2024, 20:58
139
Бөлісу:
Белсенді өмір сүру орталықтары зейнеткерлеріміздің өмірін өзгертуде
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінен

Соңғы жылдары зейнет жасындағы адамдардың арасында белсенді өмір сүру орталықтарының танымалдығының артуы белең алып отыр. Бұндай орталықтар еліміздің барлық облыстарында, ірі қалаларында 2021 жылдан бастап қарқынды ашыла бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

60-тан асқан азаматттарымыздың кездесетін жерлері жылдан жылға көбейіп келеді. Зейнеткерлердің өмірге деген құштарлығын арттырып, жаңа таныс пен ынта табуға көмектесіп отыр.

Егде жастағы зейнет жасындағы азаматтарымызды әлеуметтік қолдау қоғамның мәдени өміріне қатыстыру, дене шынықтыру мен спортқа, белсенді шараларға тарту арқылы жүзеге асып жатыр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, 2024 жылдың басында Қазақстан Республикасы халқының саны 20 млн құраған, оның ішінде 60 жастан асқан азаматтардың саны 2,7 млн, яғни тұрғындардың 13,6 пайызын құрайды деген сөз. Ал 60 асқан азаматтар Қарағанды облысының тұрғылықты халқының 18 пайызын құрайды (1 135 мың адамның 205 мыңы).

Қазақстанда белсенді ұзақ өмір сүру орталығы алғаш рет 2018 жылы Алматы қаласында ашылған. Осы Қазақстан Республикасында аға буын азаматтардың жағдайын жақсарту жөніндегі «Белсенді ұзақ өмір» 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары 2021 жылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов бекіткен болатын. Белсенді ұзақ өмір сүрудің негізгі бағыттарына:

1. денсаулық- салауатты өмір сүру ұзақтығын арттыру және қамқорлық пен күтімге мұқтаж барлық адамдар үшін медициналық және әлеуметтік қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету;

2. қатысу - аға буын азаматтарының негізгі адам құқықтарына, қабілеттеріне, қажеттіліктері мен қалауына сәйкес әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани қызметке толыққанды қатысуына жәрдемдесу;

3. қорғалу - адам құқықтары мен адамдардың әлеуметтік, қаржы салаларында қажеттіліктерін қамтамасыз ету, оған мұқтаж адамдарды қорғау, қадір-қасиетін сақтау және қамқорлық кепілдігін қамтамасыз ету жатады.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» принципі негізінде 3 бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс.

Орталықтарда қарттарымыздың денсаулығын жақсарту мақсатында йога, скандинавтық жүріс, айкүне сабақтары, компьютерлік сауаттылықты ашу мақсатында IT және smart курстары, шет тілдері сабақтары өтеді. Сонымен қатар, жылжымалы шараларды ұйымдастырылып, мәдени нысандарға барады, тақырыптық кештер мен концерттер өткізіледі.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының негізгі басымдықтарының бірі - қарт адамдардың денсаулығын күту. Әрбір орталықтың штатында дәрігер, психолог, нутрициолог және геронтолог бар, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары сапалы медициналық көмек пен кеңейтілген кнсультациялар беру үшін медициналық ұйымдармен және медициналық жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастықта жұмыс жасайды. Сондай-ақ, физикалық белсенділік жаттығуларын ұйымдастылып, салауатты өмір салтын насихаттайтын және аурулардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізіледі.

Астана қаласында Достық көшесінде орналасқан орталықтардың біріне баратын зейнеткер Найля Сайлаубекқызы:

Мен 58 жасымнан асқан кезде зейнетке шықтым. 40 жылдай жұмыс істедім. 1-2 жылдай шетелдерді аралап, қыдырып жүрдім. Кейін автобустардағы жарнамалардан қалада зейнеткерлерге арналған орталықтар барын естіп, өзімнің үйіме жақын жерде орналасқан орталыққа келдім. Белсенді өмір сүру орталығы дейді. Зейнетке шыққан қариялар, апалар бас қосады. Орталықта домбыра, йога, шахмат, айкүне, хор, ағылшын тілі мен қазақ тілі сабақтары жүргізіледі. Көптеген кружоктар-үйірмелер бар. Әркім өзінің талабына, талантына сай осы үйірмелерге қатысып жүр. Мен 80-ші жылдары Қазақ мемлекеттік педагогика институтының тарих факультетінде оқығанда факультеттің хор және домбыра оркестріне қатысқан едім. Кейіннен бала-шаға дедік, жұмыс жасадық. Сөйтіп бәрі ұмытылып қалып еді, енді зейнетке шыққаннан кейін оны қайтадан қолыма алып, қазір оркестрге қатысып жүрмін. Орталыққа келіп өзім сияқты зейнеткерлермен танысып, араласа бастадық. Жыл бойы мемлекеттік және қалалық мерекелерге қатысамыз, концерт қоямыз, мектептерге, қарттар үйіне, ауруханалар мен мешіттерге барамыз. Барлық атаулы мерекелерде оркестрмен барып, күй шертеміз. Бір жылдың ішінде 15 шақты күй үйрендік. Құрманғазы оркестрінде қызмет істеген зейнерткерлер бар арамызда, сол кісілер бізге тегін үйретеді. Неше түрлі ұлттық костюмдеріміз бар. Оларды енді өз ақшамызға тіктіріп, әрбір концертте киіп жүрміз. Ұлттық нақыштағы алқаларымызды тағып, басымызға тақиямызды киіп өнер көрсетеміз, - деді Найля. 

Ол өз сөзінде дайындық күнде болатындықтан, айланып тіпті ешқайда шыға алмай қалғанын айтады. 

 Дайындық күнде болатындықтан, айланып тіпті ешқайда шыға алмай қалдық. Бір жағынан, өте қызық. Екінші жағынан, уақытың жоқ басқаға. Үйде де домбыра ойнап дайындаламыз. Осындай орталықтарды ашып, зейнеркерлердің басын қосып жатқан әкімдіктерге өте ризамыз, рахмет айтамыз. Өзіме орталық өте ұнайды. Бұл жерде 40-50 жыл қызмет істеп, зейнетке шыққан соң немелерін бағып жатқан қарттар бос уақыттарында келіп үйірмелерге барып жүрсе, бос уақыты бар қариялар таңертеңнен кешке дейін жүре береді. Арамызда мұғалімдер бар, дәрігерлер бар, профессорлар бар, театрда ойнаған актерлер бар. Мен барып жүрген оркестрге келсем. Оркестрде 25-тей адам бар. Ұйымдастырушы басшымыз бар, күй үйрететін адамымыз бар. Неше түрлі музыкалық аспаптарды алып жатырмыз. Оркестрде баян, шаңқобыз, сылдырмақ, бас домбыра, аккордеон бар. Кейбірі пианинада ойнай да алады. Сөйтіп, Құрманғызының, Динаның, басқа да күйшілердің күйлерін орындап жүрміз. Ұрпақтар арасында байланыс орнату мақсатында, мектептегі өнерлі оқушылармен бірлесіп күйлер орындаймыз, олардың арасында ұлттық аспаптарды насихаттаймыз. Театрлардағы спектальдерге тегін барамыз. Астана қаласының әкімдігі жыл сайын зейнеркерлерді санаторийлерге жібереді. Оркестр мүшелері бірігіп өтінішті бірге береміз де, санаторийлерге бірге барамыз. Уақытымыздың көбін бірге өткізетін болдық, - дейді ол.

Ал, Қарағанды қаласы бойынша 4 мекенжайда белсенді өмір сүру орталығы жұмыс істеп тұр.

  1. Металлистер көшесі 24/2 ст. мекенжайында орналасқан Жастар мәдениет үйі (қазақ тілі, ағылшын тілі, би, скандинавиялық серуендеу, шахмат, гимнастика, oxycise, мобильді сауаттылық, үстел теннисі, заңгер және психолог кеңесі, стрейчинг, қолөнер);
  2. Магнитогор көшесі, 19 мекенжайында орналасқан Майқұдық мәдениет үйі (ағылшын тілі, хор, гимнастика, скандинавиялық серуендеу, би, oxycise, шахмат, үстел теннисі, заңгер және психолог кеңесі, домбыра, қазақ тілі, стрейчинг, қолөнер);
  3. М.Мәметова көшесі, 111 мекеніндегі ТЕМІРЖОЛШЫЛАР МӘДЕНИЕТ үйі (би, гимнастика, скандинавиялық серуендеу, үстел теннисі, шахмат, oxycise, заңгер және психолог кеңесі, ағылшын тілі, қазақ тілі, қолөнер)
  4. Тәттімбет көшесінде орналасқан Оңтүстік-Шығыс (Arlan Motors) (тоғызқұмалақ, Fit-Mix, йога, стрейчинг, сауатты арқа, би, үстел теннисі, ағылшын тілі, мобильді сауаттылық, шахмат, қолөнер, заңгер кеңесі мен психолог кеңесі, домбыра, ЛФК, қазақ тілі).

Осы белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары дүйсенбі-жұма аралығында сағат 9:00–ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Орталықтар осы уақыт аралығында 1000-ға жуық зейнеркердің жиналатын жеріне айналды.

Қазір әр орталықта 26-ға жуық үйірме жұмысын істеп жатыр. Ол жерлерде жоғары санатты педагогтар, спорт шеберлері, өнердің еңбек сіңірген қайраткерлері жұмыс істейді. Олар да өздері зейнер жасында болғандықтан орталыққа келуші қарттармен тез тіл табысады.

Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын орталық зейнетке шыққан қарағандылықтардың спорт, өнермен шұғылданып, уақытты тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Орталықтардың негізгі мақсаты — белсенді қарттардың өмір сүру жасын, мүмкіндігін ұлғайту, салауатты өмір салтын ұстану бағдарламаларын ұсыну. IT бағыты бойынша компьютерлік сауаттылықты арттыру, қызығушылығына байланысты шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорттық ойындармен айналысатын мүмкіндіктеріді қарастыру.

Зейнеткерлер қызығушылықтары бойынша үйірмелерге барады, спортпен айналысады, концерттер мен музейлерге бірге барады. Спорт сүйер қауым йога, стрейчинг, «Сау арқа» фитнес бағдарламасы, үстел теннисімен айналыса алады. Тыныштықта отырып уақыт өткізушілер тоғызқұмалақ, шашки, шахмат ойнай алады. Тілдік, компьютерлік және мобильдік сауаттылық және шығармашылық курстар да бар. Зейнеркерлер юрист пен психологтың кеңесін тегін алып жүр. Зейнеткерлер психологиялық тренингтерге көптеп қатысады. Би, вокал, қолөнер, ағылшын тілі үйірмелеріне қатысып, психологтердің тренингтерінде әңгімелеседі. IT сауат арттыру үшін телефондағы қосымшалармен жұмыс істеуді үйретеді. Сонымен бірге жазда табиғат аясына шығып, тарихи орындарды аралайды. Мұның бәрі тегін қызмет. Ал мереке күндері жиналып, өз өнерін ортаға салады.

Орталық қызметкерлері зейнеркерлердің бос уақытын әртүрлі қылып өткізуге тырасады. Ескі фильмдерді де көрсетуді қолға ала бастады.

Орталықтарға жазылу үшін зейнеркер куәлігі мен жеке куәлік, өтініш болса жеткілікті. Ал спорттық секцияларға қатысу үшін медициналық құжаттар қажет болады.

Қарттарымыздың уақытын қызықты әрі пайдалы өткізіп жатқан орталықтардың көбеюі қуантарлық жайт. Осындай орталықтардың барын бірі білсе, бірі білмей жатады. Сондықтан, егде жастағы адамдарымыз арасында ақпаратпен барынша бөлісіп, оларды хабардар етсек деген ойымыз бар.

Өзгелердің жаңалығы