Бельгияда мектеп автобусы пойызбен соқтығысты: 4 адам қаза тапты

Брюссель маңындағы қайғылы апатта бірнеше адам көз жұмды. Оқиға кезінде өткел жабық тұрғаны айтылып отыр.

 Dirk Waem/BELGA/AFP Бүгiн 2026, 19:13
Бүгiн 2026, 19:13
169
Фото: Dirk Waem/BELGA/AFP

Бельгияда мектеп оқушыларын тасымалдаған шағын автобус пойызбен соқтығысып, төрт адам қаза тапты. Қайғылы оқиға 26 мамыр күні таңертең Бельгия астанасы Брюссельден батысқа қарай шамамен 40 шақырым жердегі Бюггенхаут коммунасында болған.

Бельгиялық-люксембургтік RTL TVI телеарнасының мәліметінше, апат салдарынан екі бала мен екі ересек адам көз жұмған. Бұл ақпаратты елдің көлік министрі Жан-Люк Крюк растаған.

Полицияның алдын ала дерегіне сәйкес, апат кезінде автобуста жеті бала, жүргізуші және еріп жүрген қызметкер болған. Балалар ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға арналған Richtpunt Campus Buggenhout мектебіне бара жатқан.

Пойыздағы шамамен 100 жолаушы эвакуацияланған. Олардың бірі шок күйінде болғаны айтылды. Зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілген.

Алдын ала мәлімет бойынша, апат болған сәтте теміржол өткеліндегі шлагбаум жабық тұрған, ал бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрған. Алайда жол апатының нақты қалай болғаны әзірге белгісіз.

Бельгияның теміржол операторы Infrabel компаниясының өкілі Томас Бакеннің айтуынша, машинист шұғыл тежегішті қолданғанымен, соқтығыстың алдын алу мүмкін болмаған.

Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу басталып, теміржолдың осы бөлігіндегі қозғалыс уақытша тоқтатылған.

Наверх