Бельгиядағы Жоғарғы Фенн табиғи қорығында ауқымды орман өрті жалғасып жатыр. Тілсіз жау 3 мың гектардан астам аумақты шарпыды. Өрт Германия шекарасына да жақындаған.
16 тамызға қараған түні өрт шебі Германия шекарасынан шамамен 3 шақырым жерде болған. Осыған байланысты Солтүстік Рейн-Вестфалиядағы Моншау қаласының үш ауданында тұрғындарға түтіннің күшею қаупіне байланысты уақытша қауіпсіз жерге кетуге кеңес берілді.
Моншау өрт сөндіру қызметі толық дайындық режиміне көшті. Егер жалын Германия аумағына өтсе, өртті дереу сөндіруге кірісу үшін алдын ала шаралар қабылданып жатыр.
Бельгия билігі Кюхельшайд елді мекенін эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ Сурброд пен Бютгенбах елді мекендеріндегі 600-ге жуық тұрғынға эвакуациялану ұсынылды.
Өрт 14 тамызда басталып, тез таралған. Ол Бельгия тарихындағы ең ірі орман өртіне айналды.
Бельгия өртпен күресу үшін Еуропалық одақтың азаматтық қорғау механизмін іске қосты. Өртті сөндіруге Нидерландтан келген тікұшақ жұмылдырылды. Сондай-ақ тағы екі тікұшақ пен Швецияның екі өрт сөндіру ұшағын тарту жоспарланған.
Германияның Хюртгенвальд аймағындағы жағдай біршама тұрақталғанымен, өрт толық сөндірілген жоқ. Қазір онда шамамен 1600 төтенше жағдай қызметкері жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін эвакуацияланған 1800-ге жуық тұрғынға үйлеріне оралуға рұқсат берілді.