Эквадорда белгісіз қарулы қаскөйлер Манаби провинциясының бұрынғы сұлулық патшайымы Эстер Крусқа шабуыл жасап, оны оққа ұшырған. Оқиға кезінде оның сүйіктісі мен бір жасар қызы да жараланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі The Sun басылымына сілтеме жасап.
25 жастағы Эстер Габриэла Мурильо Крус 2018 жылы "Манаби провинциясының аруы" атанған. Қанды оқиға 26 шілде, сенбі күні күндіз Манта қаласында болған. Эстер сүйіктісі және қызымен көлікпен келе жатқанда, арттарынан қуып жеткен мотоциклдегі бұзақылар автокөлікке оқ жаудырған. Қылмыскерлер оқ атқан соң оқиға орнынан жасырынған.

Ауыр жараланған Крус ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Ал оның серігі мен бір жасар қызы оқ тиген жарақатпен емханада жатыр.
Қазір билік өкілдері шабуылдың себеп-салдарын анықтау үшін жедел тергеу жүргізіп жатыр. Эстер Крус Манаби өңірінде өте танымал тұлға болған. Облыстық титулды иеленбей тұрып, ол жергілікті деңгейдегі үш бірдей сұлулық байқауында жеңіске жеткен.
The Sun жазуынша, соңғы жылдары Эквадорда есірткі картельдерінің қақтығысы ушығып кеткен. Елде зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бірнеше есе артқан. Қылмыстық топтар түрмелерді басып алып, серіктестерін жаппай босатуда. Манта қаласы Эквадордағы ең қауіпті аймақтардың біріне айналған, мұнда картельдердің қақтығысы жиі орын алып жатыр.