Белгілі ұстаз мектепте телефон пайдалануға шектеу қоюды ұсынды

27 Наурыз 2025, 10:44
1282
Бөлісу:
Белгілі ұстаз мектепте телефон пайдалануға шектеу қоюды ұсынды
Фото: facebook.com/aiatjan

Qazbilim group компаниясы басқарма төрағасы, ұстаз Аятжан Ахметжанұлы жасанды интеллект пен оқу процесі жайлы айтып, өзінің ұсыныстарын жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде жасанды интеллект (ЖИ) өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бірнеше жыл бұрын ғана өлең жазып, эссе құрастырып, есеп шығарып береді десе, қиял секілді көрінетін. Ал қазір бұл – шындық. ЖИ-дің қарқынды дамуы әсіресе білім саласына үлкен әсерін тигізуде. АҚШ пен Қытай жасанды интеллектіні дамытудан жарысып жатса, біз оны пайдалануды ғана үйреніп келеміз. Бірақ бұл технологияның білім беру процесіне тигізер оң және теріс жақтары қатар өрбіп жатыр, - дейді ол.

Білімге ЖИ-дің әсері қандай?

Бүгінде мұғалімдер алдында күрделі сұрақ туындап отыр:

- Үй тапсырмасын оқушының өзі орындап жатыр ма, әлде ChatGPT-ге жасатып алды ма?
- Шығарма жазу тапсырмасында оқушының өз ойы бар ма, әлде ЖИ көмегіне жүгінді ме?
- Математикалық есептерді өзі шешіп отыр ма, әлде барлығын ЖИ орындап берді ме?
- ТЖБ мен БЖБ тапсырмаларын да ЖИ-ге жасатып жатыр деген дабыл қағылуда.

Бұл жағдай балалардың ойлау қабілетін дамытуға қалай әсер етеді? Егер барлығын ЖИ шешіп беретін болса, оқушылар өздігінен ойлануды қояды, ал бұл болашаққа үлкен қауіп төндіруі мүмкін, - деп санайды Аятжан Ахметжанұлы.

Не істемек керек?

Бірқатар елдер бұл мәселенің шешімін іздеп, білім беру жүйесіне өзгерістер енгізіп жатыр. Қазіргі таңда екі негізгі шешім байқалады:

  • Телефонды мектепте шектеу
    Кейбір мемлекеттер оқушылардың сабақ кезінде смартфон қолдануын қатаң шектеп отыр. QAZBILIM ұлттық лицейлерінде де телефон жинау жүйесі енгізілді, және нәтижесі оң бағаланып жатыр. Ата-аналардың сауалнамалары да бұл шешімнің тиімді екенін көрсетіп отыр. Алайда бұл – түпкілікті шешім емес.
  • Жасанды интеллектіні ресми түрде оқу бағдарламасына енгізу
    Бірқатар мемлекеттер ЖИ-ді тиімді қолдануды үйрететін курстарды оқу бағдарламасына қоса бастады. Бұл – болашаққа қажетті қадам, себебі ЖИ-мен жұмыс істеу машығы кез келген мамандықта маңызды болмақ.

Осындай шешімдерді қарастыра отырып, білім беру жүйесіне ЖИ-дің оңтайлы ықпал етуін қамтамасыз ету керек. Балалар ойланудан қалмауы тиіс. Барлығын ЖИ шешетін болса, біз тек технология тұтынушысына айналып, жаһандық көштен қалып қоюымыз мүмкін, - деп ойын айтты ұстаз.

Өзгелердің жаңалығы