Беларуссияда саяси ойындар мен үлкен саяси сауданың жүріп жатқаны анық – Айдос Сарым

16 Тамыз 2020, 10:30
3672
Бөлісу:
Беларуссияда саяси ойындар мен үлкен саяси сауданың жүріп жатқаны анық – Айдос Сарым

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Беларусиядағы басты мәселе халықтың наразылығы, әсіресе жас буынның, бұл үлкен күш. Екіншіден, экономикалық мәселелер, себебі дәстүрлі экономика бәйгеге жарамай отыр, оның ішінде де наразылық бар. Сондай-ақ саяси элитаның ішінде де үлкен бөлініс, үрей бар. Мұның барлығы билікте болатын өзгерістің нақты алғышарттары. Оның арты қан төгіске апаруы да ықтимал. Бұл туралы саясаттанушы Айдос Сарым сұхбаттасу барысында айтты.

Одақтас Беларусь еліндегі президент сайлауынан бері халықтың наразылық шаралары толастар емес. Ондағы саяси жағдайға қандай баға берер едіңіз?

Беларусь елінде ғаламат саяси ойындар мен үлкен саяси сауданың жүріп жатқаны анық. Халық Лукашенконың 26 жылдық билігінен шаршағаны сөзсіз. Жаңа буын келді, жаңа толқын келді, ең бастысы жаңа экономиканың адамдары келді. Осы кезге дейін Лукашенко ТМД-дағы айрықша режим құрған адамның бірі болды. Ондағы полицияның санын адам санына шағатын болсақ Қазақстан мен Ресейден үш есе көп болады. Мысалы Ресейде 100 мың адамға 500 полицейден айналса, Беларусь елінде 1500-ге жуық. Бұның барлығы дәстүрлі экономика. Лукашенко болсын, басқасы келсін бәрібір алдағы уақытта Беларуссияны үлкен өзгерістер күтіп тұр. Жекешелендіру бар, нарықтық экономиканы енгізу, социалистік экономикадан құтылу және тағы басқа мәселелер бар. Оның барлығын ерте ме, кеш пе бәрібір іске асыру керек болады.

Лукашенконың бұған дейінгі сайлауларын бәрін көріп келдік. Осы кезге дейінгі экономиканың айналасында белгілі бір дәрежедегі консенциюс сақталып келген болатын. Лукашенко сөзсіз халықтың қолдауына ие болатын. Бірақ соңғы кездері жаңа экономика пайда болды. Бүгінгі күні наразылық шеруіне қатысып жүргендердің басым көпшілігі жастар. Өйткені олар дәстүрлі экономикаға сыймай бара жатыр. Бұл елде IT саласы өте жақсы дамыған, біраз азаматтары Ресейде, Украина, Полша және басқа да елдерде жұмыс істеп жатыр. Байқасаңыз шетелдік сайлау учаскелерінде Александр Лукашенко ойсырай ұтылды. Үлкен кәсіпорындарда істейтіндер болмаса, ІТ саласында және шетелде жұмыс істейтіндердің көпшілігі Лукашенконы жақтырмайды, ол қазіргі халықтың 30 пайыз бөлігі. Бірақ дәстүрлі экономиканың уақыты өтіп бара жатыр. Ауыл шаруашылығы және басқа салалардың тиімділігі төмендеген, сондықтан бұның астарында экономикалық-әлеуметтік негіздер бар. Яғни болып жатқан толқулар ескі экономиканың жаңа экономикаға көше алмауынан. Егер осыны ескеретін болсақ әрине Лукашенконы жақтырмаудың негізі бар және заманынан қалып бара жатыр. Өйткені жаңа заманға, жаңа экономикаға бәрібір реформа керек болады. Оның үстіне жас буын кезінде әке-шешесі жасаған таңдауды қаламай отыр. Себебі "біз бұл таңдауды жасаған жоқпыз, бізге бұл ұнамайды. Еуропаның ортасында отырып социалистік, бұрынғы заманның авторитарлық мемлекетінде тұрғымыз келмейді" деген әңгімені ашық айтып, соған қарсы күресіп жатыр. Бұл жерде үлкен рухани революция басталып кеткен сияқты. Бұны тоқтату, өзгерту өте қиын. 

Бұл жерден сыртқы күштердің мүддесін көруге бола ма? 

Бүгінгі күні Беларусь еліндегі үдерістерге мұқият назар аударатын болсақ мұнда көптеген елдің мүддесі тоғысып жатқанын көреміз. Шеруге шыққан адамдарға қарсы қолданылып жатқан дүниелерді және шеруге қатысушылардың әрекетін қарайтын болсақ мұнда сан алуан технологияны пайдаланып жатқанын байқаймыз. Бұдан кешегі Украинаның, Ресейдің, Қытайдағы Ганконгтың шерулеріне қарсы қолданған шаралардың ізін табуға болады. Лукашенконы Қытай, Ресей және Қазақстан сияқты елдер ғана қолдап шықты. Есесіне демократиялық Батыс елдері бірауыздан бұл сайлауды мойындамай "әділетсіз өтті, жаңа сайлау керек немесе Лукашенко кету керек" деген сияқты пікірлер айтылып жатты. Бұл да үлкен саяси сауданың нышаны. Өйткені Лукашенко "мен биліктен өлсем де кетпеймін" деген болатын. Қажет болса Әндіжандағыдай қырғынға барамын дегенді ашық айтты. Қазір байқап отырсақ Беларуссия билігі қайтадан жібіп жатыр. Ішкі істер министрлігі шығып бүкіл болған мәселеге "мен жауаптымын" деді. Парламенттің спикері шығып ертең үлкен мәлімдеме болады, Лукашенко бәрін көріп, біліп отыр деген үлкен сауда басталып кетті. Ал осының барлығы кімнің әсерімен іске асып отыр деген сұрақ туындайды? Әрине, халықтың нөпірінен, күшінен қорқып отырғаны анық. Бірақ кімді тыңдап кетеді сол маңызды. Мысалы, Ресей жағын тыңдаса "жабысып билікте отырып ал" деуі мүмкін, яғни кезінде Яниковичке айтқанын бұған да айтады. Бірақ оның уақыты қалды ма, қалмады ма үлкен мәселе. Немесе Батыстың айтып жатқанын тыңдауы мүмкін. Олар бұған дейін сайлаудағы дауысты қайта санап шығыңдар дегенді айтқан. Менің ойымша, бұның да уақыты өтіп кетті. Қазір ешкімді сайлаудың нәтижесі қызықтырмайды, бәрі бірауыздан кет деп жатыр. Ал кете қоюға Лукашенконың әлеуеті жете ме, жетпей ме екіталай. Сайлаудан кейін қарсыластарымен кездесіп, бір мәмілеге келгенде мұндай мәселе болмас та еді. Бірақ қазір жылан інінен шыққандай, мәселе күрделеніп кетті. Батыс елдері енді жаңа сайлау өткізуді айтып жатыр. Егер ол өтсе Лукашенко оған кімді дайындай алады? Өзі қатысайын десе халықтың қарсылығы жоғары. 

Халық демекші, наразылық шеруіне шыққандар тарапынан ешқандай агрессия, тәртіп бұзушылық байқалмайды. Бәрі өркениетті түрде шығып жатыр, халықтың санасы қатты өзгерген сияқты...

Беларусь халқы шын мәнінде еуропалық мәдени, саяси өзгеріске түскенін көрсетті. Шеруге үлкен мәдениетпен, өркениетті жолмен шығып жатыр. Бір әйнекті сындырмай, көлік өртеп, дүкенді қиратпай бейбіт жолмен шығуда. Егер қираған дүниелер болса олар полицияның еншісінде. Бір қызығы Беларусь еліндегі шерулерді ондағы дәстүрлі экономикасы қолдап кетті. Яғни мемлекеттің еншісіндегі алпауыт зауыттар мен кәсіпорындардағы жұмысшылар да наразы топ жағына шығып отыр. Бұл элитаның ішінде дүрдараздықтың бар екенін білдіреді. Беларустегі азды көпті олигархтар полициядан өз еркімен кеткен азаматтарға қаржылай көмек көрсетейік дегенді айтып жатыр. Бұл жерде Лукашенко қалай болғанда да билігін сақтай алмайды. Қазір өзін алдап 1-2 ай отыруы мүмкін, алайда көтерілген бұл нөпір бәрібір тоқтамайды. 

Енді Лукашенко қандай амалдарға баруы мүмкін? 

Бұдан шығудың бір жолы Конституциялық өзгеріспен жаңа сайлау өткізу. Меніңше, басқаға халық тоқтамайды. "Мен енді шынымен араласпаймын, кеттім" дегенді айтып шетке шығу керек сияқты. Өйткені ол бүкіл мүмкіндіктің барлығын өткізіп алды.

Тағы бір мәселе, Лукашенко жасауға болатын қылмыс пен қателіктің бәрін жасап болды. Сайлауға өте немқұрайлы қарады. Бұрынғыдай маған дауыс бере салады дегендей жүрді. Одан бөлек қарсыластарына аса мән бермеді, бағаламады. Басты мәселелер халықтың наразылығы, әсіресе жас буынның, бұл үлкен күш. Екіншіден, экономикалық мәселелер. Себебі дәстүрлі экономика бәйгеге жарамай отыр, оның ішінде де наразылық бар. Сондай-ақ саяси элитаның ішінде де үлкен бөлініс, үрей бар. Мұның барлығы билікте болатын өзгерістің нақты алғышарттары. Мұның арты қан төгіске апаруы да ықтимал. Яғни Латын Америкасындағыдай әскери төңкеріс болып кетуі бек мүмкін. Оны Лукашенко емес әскерилер жасауы ықтимал. Өйткені Лукашенко қазір халықтың емес, күштік құрылымдардың қолдауымен отыр. Осы күнге дейін Беларусь армиясы өз сөзін айтқан жоқ. Олардың ішінде де Батыстық жолды таңдайтындар болуы мүмкін. Егер бүгінгі жібудің артында Ресей тұратын болса онда "түбі бәрібір Ресейдің ықпалына кете береміз, одан да күшеніп басқаша қылайық" деген сияқты бас көтереді. Яғни, бұл жерде сценарилердің саны өте көп.

Одан кейін Лукашенко әбден тығырыққа тірелсе не болады? Яниковичтің жағдайы көз алдында. Яғни Ресейге де, Батысқа да сенім жоқ. Сондықтан бұл жерде сценаридің саны мүлдем артып кетті. Алдағы уақытта не болатыны белгісіз.

Жеме-жемге келгенде әр адам "мен тарихта қалай қаламын" деп ойлану керек. Лукашенко жақсы болсын, жаман болсын елді біраз уақыт басқарып келді. Жетістігі де баршылық. Осы кезге дейін Батыс пен Ресей арасындағы қайшылықтарды жақсы пайдаланды. ТМД мен Еуразиялық Одақтың пайдасын одан артық ешкім көрген емес. 15 жылдан бері Ресейге газ, мұнай бойынша шантаж жасап келе жатыр. Бірақ әр шантаждың да сұрауы, төлемі болады. Адам ұзақ уақыт отырған соң өз мүмкіндіктерінен айрылып қалады, жігері кетеді, айласын жаттап алады дегендей. Сондықтан оның жағдайы қазір қиын. 

Бұған дейін Беларусь президенті елде бүлік шығармақшы деп Ресейді айыптап келді. Қалай ойлайсыз, Ресейге Лукашенконың кеткені тиімді ме? 

Ресей Лукашенконы әлсіреткісі келді. Мына жеңісін қиындатуға тырысты. Оны Ресейге жалтақтатқысы келді. "Мұндай сайлауды Батыс бәрібір мойындамайды, бұл бәрібір бізге айналып келеді, бізден басқа қолдайтын ешкімі жоқ" деген пиғылдары болды. Неше күннен бері Батыс елдері санкция саламыз деп жатыр. Латвия кезінде келісіп қойған хоккей чемпионатынан бас тартты. Шенділерінің барлығына санкция саламыз, тауарын алмаймыз жан-жақты қысамыз дегенді аңғартып отыр. Шынын айту керек, әсіресе қанды жағдай болған кезде Беларуссияның Ресей мен Қытайдан басқа барар жері қалмас еді. Ресейдің түпкі мақсаты да сол болған шығар. Алайда бұған халықтың араласуы, субъекті ретінде ерлікке пара-пар наразылық көрсетуі бұл карталарды біраз өзгертті. 

Қазір полицияның, әскерилердің халық жағына шығып жатқанын байқауға болады. Алдағы уақытта әскерилер жаппай наразылық тобына қосылып кетуі мүмкін бе? 

Егер Ішкі істер министрлігі өз қателігін мойындаса оған қатысты шара қолдану қажет. Адамдарға артық күш қолданды, оқ атты дегендерді соттау керек. Бұл күштік құрылымдар ішінде де үлкен үрей мен қорқыныш туғызады. "Мынау ертең бізді сатып кетпей ме, ертең бәрімізді трибуналға апарып соттатпай ма" деген мәселеден әскерилер ішінде үлкен дүмпу басталып кетуі мүмкін. Олар осы кезге дейін ешқандай қиындық көрмеген. Жалпы Беларуссияда әскери, полиция болу экономикалық тұрғыдан тиімді болған. Өйткені кеше полициясы үлкен жанкештілікпен күресті. Осындай жағдай болған кезде әскерилер, полиция арасында қорқыныш пайда болады. Соңғы күндері байқасаңыз қаншама шенділері орденін, пагонын өртеп, қоқысқа тастап жатыр. Бұл да үлкен бір сигнал. Егер іс насырға шабатын болса әскерилердің бір бөлігі Пеначеттің кезіндегідей әскери төңкеріс жасап жіберуі де ықтимал. Бірақ оның да күні ұзаққа бармайды.

Лукашенко осы жолғы сайлауға қатыспаса басы дауға қалмаспа еді?

Шынын айту керек, шетелдік сарапшылардың бәрі Қазақстан сияқты жолға түскені дұрыс болар еді дегенді айтып жатыр. Мысалы үшін "осындай азаматтарға арқа сүйеймін, осыларды қолдаңыздар, мен сырттан бақылап отырамын" деп кетсе жөн болар еді. Беларусь елінде елші болған Ермұхамед Ертісбаев та біздің жолды таңдаса жағдай мүлде басқаша боларма еді деп айтып жатыр. Жалпы Беларуссия халқының табиғаты ерекше, жайдары, дархан халық дейді. Егер біздегідей жасаса халқы оны алақанына көтерер ме еді, кім біледі. Ол керісінше осы жолғы әрекетімен өзіне наразы топтардың санын еселеп көбейтіп алды. Мәселен, бір отбасының ішінде баласы мысалы үшін батысшыл болуы мүмкін, ата-анасы советшіл, ресейшіл немесе басқасы болуы мүмкін. Бірақ сенің балаңды көшеде көгалақойдай етіп сабап жатса, қанша жерден саяси көзқарасың болса да оны кешіре алмайсың. Соңғы күндері көшеге аналар да, әкелер де шығып жатыр, бұл да үлкен көрсеткіш. Яғни, Лукашенко өзін қолдаған дәстүрлі электоратынан айырылып қалды. 

Әңгімеңізге рахмет!

 

 

Өзгелердің жаңалығы