Бүгін «Бекзат» көркем фильмі көрерменге жол тартады

3 Қазан 2019, 13:16
3524
Бөлісу:
Бүгін «Бекзат» көркем фильмі көрерменге жол тартады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сидней Олимпиадасының чемпионы марқұм Бекзат Саттархановқа арналған фильм бүгін еліміздің үлкен экрандарынан көрерменге жол тартады.

Бекзаттың өмірі мен спорттағы жетістігі туралы картина «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген. Туындының режиссері - Мұрат Бидосов, сценарийін жазған - Сержан Закерұлы. «Бекзат» автобиографиялық драмасын 3 қазаннан бастап, яғни бүгіннен бастап еліміздің кинотеатрларынан тамашалауға болады.

фото 2.jpg

Фильмде Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады. Балалық шағы, боз бала кезеңі және өмірінің соңғы сәті. Бекзаттың балалық шағы - 90 жылдардың басындағы қиын-қыстау заманға тап келеді. Картинада Түркістан қаласынан шалғай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі Бекзаттың балалық шағымен суреттеліп отырады. Оның арманы, намысқой бітімі кинотуындыда үнемі сыналып отырады.

фото 3.jpg

Бойшаң бозбала кезінен боксқа аяқ басқан Бекзат бапкерімен бірден тіл табысады. Үздіксіз жаттығу мен қажырлы еңбегінің арқасында, көп ұзамай Түркістанда өткен сайыста жүлделі орынға ие болады.

фото 4.jpg

Араға біраз уақыт салып, Германияда өткен турнирде топ жарған Бекзатты бапкерлер олимпиадаға даярлау жаттығуларына қабылдайды. 1999 жылы Ташкентте өткен бүкіл Азия біріншілігінде күміс жүлдеге ие болып, олимпияда ойындарына жолдама алады. Нәтижесінде 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиадада алтын медальдың иегері атанады.

фото 6.JPG
фото 7.JPG

«Бекзат» драмасының түсірілім жұмыстары Түркістан, Алматы және Ыстамбұл қалаларында өткен. Басты рөлді жас актер Самат Әзімқұлов сомдайды. Ол 2006-2007 жылдары кикбокстан жастар арасында екі рет Қазақстан чемпионы болған.

фото 5.jpg

Сонымен қатар, туындыдан Ғалымбек Оспанов, Мұрат Жарылқасынов, Майра Мақұлбекова, Дулыға Ақмолда, Қуаныш Мұқатай, Бақдаулет Шаймахан және басқа да актерлерді көре аласыздар.

фото 8.JPG

Бекзат Саттарханов туралы «Бекзат» көркем фильмін 3 қазаннан бастап еліміздің кинотеатрларынан тамашалауға болады.

Өзгелердің жаңалығы