Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мемлекеттік органдардың цифрлық жобаларын қайта қарауды, қайталанатын шешімдерді алып тастауды және қаржыландыруды нақты экономикалық нәтиже беретін бастамаларға бағыттауды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысы Digital Qazaqstan стратегиясының іске асырылуын іске қосылған жобалардың санымен емес, қол жеткізілген нәтижелермен бағалау қажет екенін атап өтті.
Цифрландыру еңбек өнімділігін арттырып, шығындарды азайтып, азаматтар мен бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдетуге тиіс.
Мемлекеттік қызметтер экожүйесі бұдан әрі де проактивті түрде дамуы керек. Азаматқа көптеген өтініш берудің қажеті болмауға тиіс. Цифрлық салада да артық бюрократияға жол беруге болмайды, – деді Бектенов.
Жасанды интеллект министрлігіне екі ай ішінде қолданыстағы және жоспарланған цифрлық жобаларға ревизия жүргізіп, қайталанатын шешімдерді анықтау және оларды бірыңғай архитектура мен мемлекеттік платформалар негізінде біріктіру тапсырылды.
Жыл соңына дейін ведомство Қаржы министрлігімен бірлесіп, цифрлық жобалардың басымдықтарын айқындауы тиіс. Бірінші кезекте стратегия көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін шешімдер қаржыландырылады.
Цифрландыруға қатысты жаңа бюджеттік өтінімдер күтілетін экономикалық тиімділікті ескере отырып қаралады.
Премьер-министр экономиканың негізгі салалары бойынша да бірқатар тапсырма берді.
Энергетика саласында негізгі нысандар мен ақпараттық жүйелерді бірыңғай цифрлық контурға біріктіріп, деректерді Energy Command Center-ге шығару қажет. Жыл соңына дейін Энергетика министрлігі негізгі нысандарды цифрлық түгендеуден өткізіп, салалық деректерге қойылатын бірыңғай талаптарды бекітуге тиіс.
Мұнай-газ саласында Бектенов жасанды интеллект пен цифрлық егіздерді барлық өндірістік активтерде қолдану ауқымын кеңейтуді тапсырды. Энергетика министрлігіне, «Самұрық-Қазына» қорына және «ҚазМұнайГазға» 2028 жылдың соңына дейін 12 негізгі кен орнында цифрлық егіздерді толық іске қосуды қамтамасыз ету қажет.
Өнеркәсіпте негізгі өндірістік деректерді бірыңғай салалық қоймаға – Data Lake жүйесіне біріктіру көзделіп отыр. Екі ай ішінде бейінді министрлік отандық цифрлық шешімдерді енгізу үшін басым кәсіпорындар мен технологиялық процестерді айқындауы тиіс.
Сондай-ақ мемлекет пен ұлттық компаниялардың отандық робототехникалық және ұшқышсыз жүйелерге ұзақ мерзімді қажеттілігін қалыптастыру тапсырылды.
Мемлекет пен ұлттық компаниялардың қажеттілігін алдын ала қалыптастырып, отандық өндірушілерге ұзақ мерзімді кепілді келісімшарттармен қамтамасыз ету қажет, – деп атап өтті Премьер-министр.
Ауыл шаруашылығында Бектенов бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйені құруды жеделдетуді тапсырды.
Бір ай ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруашылықтардың цифрлық бейіндеріндегі деректер негізінде бірінші кезекте проактивті форматқа көшірілетін мемлекеттік қолдау шараларын айқындауы керек.
Көлік саласында Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, екі ай ішінде ірі қалалардағы ең көп жүктемеге ие учаскелерді анықтап, сол аумақтарда көлік ағындарын интеллектуалды басқарудың пилоттық жобасын іске қосу тапсырылды. Тиімді шешімдер кейін кеңінен қолданылуы тиіс.
«ҚТЖ» компаниясы бір ай ішінде тасымалдарға қатысты деректерді бірыңғай деректер қоймасына беруді аяқтауы қажет. Компания Көлік министрлігімен бірлесіп, тасымалды басқарудың отандық технологияларына міндетті түрде көше отырып, цифрландыру кезеңдерін бекітуі керек.
Қаржы саласында Премьер-министр бюджеттік жоспарлау, қазынашылық атқару, мемлекеттік активтерді басқару және аудитті бірыңғай цифрлық контурға біріктіру міндетін қойды. Цифрлық теңге бюджет қаражатының қозғалысын қадағалауды және смарт-келісімшарттарды қолдануды қамтамасыз етуі тиіс.
Түптеп келгенде, біз кейіннен бақылаудан төлем жасалған сәтте тікелей бақылауға көшуіміз керек, – деді Бектенов.
Қаржы министрлігіне екі ай ішінде мемлекеттік деректер мен тәуекелдерді бағалау модельдері негізінде шешімдер автоматты түрде қабылдануы мүмкін бюджеттік, салықтық және бақылау процестерін айқындап, оларды іске асыруды бастау тапсырылды.
Жыл соңына дейін Digital Qazaqstan көрсеткіштері мемлекеттік органдардың, өңірлердің және квазимемлекеттік сектор ұйымдарының даму жоспарларына да енгізілуі тиіс. Бектенов белгіленген нәтижелерге қол жеткізуге бірінші басшылардың жеке жауапты екенін атап өтті. Жалпы бақылау мен үйлестіру Жаслан Мәдиевке жүктелді.