Олжас Бектенов Президенттің тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан облысы активіне жаңа әкімді таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Шығыс Қазақстан облысы мәслихаттары депутаттарының жиналысына қатысты.
Жиналыс барысында депутаттарға Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына екі кандидат – ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен ШҚО Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновты ұсыну туралы хаты оқылды.

Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша депутаттар Нұрымбет Сақтағановтың кандидатурасын қолдады, оған 148 депутаттың 104-і дауыс берді, Арман Бекбосыновты 41 депутат жақтады.

Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановты тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.