Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Үкіметінде Чехия үкіметінің басшысы Андрей Бабишпен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан Чехия Республикасымен арадағы берік әрі тұрақты дамып келе жатқан қарым-қатынасқа айрықша мән береді. Чехия – Еуроодақтағы маңызды әрі сенімді серіктестеріміздің бірі. Құрметті премьер-министр, сіздің елімізге алғашқы ресми сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге, саяси диалогты нығайтуға және іскерлік байланыстарды тереңдетуге деген өзара қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Сізбен бірге келген өкілді бизнес-делегацияға да ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Бұл сапардың нақты нәтижеге бағытталғанын айқын аңғартады. Бүгін біз Қазақстан–Чехия бизнес-форумына бірге қатысамыз. Бұл алаң жаңа серіктестіктерді жолға қоюға, инвестициялық бастамаларды іске қосуға және іскер топтар арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Олжас Бектенов Чехия үкіметінің басшысымен кездесуде сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Чехия Республикасы Қазақстанның Еуропадағы жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала беретініне ерекше тоқталды.
Біздің деректерге сәйкес, 2025 жылы екіжақты сауда көлемі 705 миллион долларға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13%-ға өсті. 2005 жылдан бері Чехиядан тартылған инвестиция көлемі 431 миллион долларға жетті. Сонымен қатар Чехиядан келген жалпы тікелей инвестиция өткен жылы 39%-дан астамға өсіп, 2025 жылы 59 миллион долларды құрады. Қазіргі таңда елімізде чех капиталы қатысатын 143 компания жұмыс істейді. Олардың қатарында Škoda Auto, Omnipol, Tatra және басқа да ірі кәсіпорындар бар. Қазақстан Үкіметі Astana Motors компаниясының Чехия нарығына шығуын құптайды. Бұл екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықтың жандана түскенін көрсетеді, - деді ҚР Премьер-министрі.
Айтуынша, сауда көлемін ұлғайту әлеуеті әлі де жоғары.
Біз бұл бағыттағы жұмысты жүйелі әрі ұзақ мерзімді негізде жалғастыруды көздеп отырмыз. Чехиялық жаңа компанияларды Қазақстанға инвестиция салуға шақырамыз және қолайлы әрі болжамды инвестициялық орта қалыптастыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл қадамдар елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалармен үндеседі. Жалпы алғанда, Қазақстан Үкіметі Чехия Республикасымен экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мүдделі және басым бағыттар бойынша жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға дайын, - деді Олжас Бектенов.