Бектенов Оқу-ағарту министрлігінің басты міндетін атады

20 Ақпан 2024, 10:41
323
Бөлісу:
Бектенов Оқу-ағарту министрлігінің басты міндетін атады
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептердің қандай болуы керегін айтып, жауапты министрліктің негізгі міндетін атап көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

“Жайлы мектеп” ұлттық жобасының елімізге керекті, өте маңызды жоба екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Бұл Мемлекет басшысының тікелей бастамасы. Жоба арқылы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы сияқты кешенді проблемалар шешімін табуы тиіс. Сонымен қатар салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін және ондағы демографиялық ахуалды ескере отырып айқындалған, - деді Бектенов.

Премьер-министрдің сөзінше, сол себепті де оның барлығы жаңа мектептерге аса мұқтаж өңірлерде салынуы қажет.

Жайлы мектептер атына заты сай, оқушыларға ыңғайлы әрі білім беру деңгейі жоғары болуы тиіс. Бұл – Оқу-ағарту министрлігінің басты міндеттерінің бірі. Бұл мектептерге жобалау сәтінен бастап ерекше үлгідегі әдіс-тәсілдер қолданылып отыр. Сондықтан олар қауіпсіз және сапалы білім беру ортасына айналуы керек, - деп тапсырды Үкімет басшысы жиында.

Олжас Бектенов атап өткендей, мектептер әу бастан цифрлық камералармен жабдықталып, полицияның Жедел басқару орталықтарына жалғануы тиіс. Жаңа, интерактивті оқыту әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін жоғары жылдамдықты интернет жүргізілуі керек.

Сонымен қатар оқу процесіне қажетті заманға сай жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз етілуі тиіс.

Бұл мектептерді өскелең ұрпақты, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда оқушыларды баурап алатын бірегей орталықтарға айналдыру қажет. Әкімдіктердің назарын осыған аударғым келеді. Ол үшін спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер ашылып, балаларға қосымша білім алу мақсатында фильмдер көріп, интернеттен қажетті ақпарат іздеу, кітапханада дайындалу мүмкіндігі берілуі тиіс. Мұның барлығы білім беру сапасын, әсіресе ауылдық жерлердегі оқыту деңгейін арттыруға ықпал етеді, - деді Премьер-министр өз сөзінде.

Бектенов балалар қамқорлықты және жайлы оқыту процесін сезінулері керегін қоса кетті.

Өзгелердің жаңалығы