Бектенов: Үкімет халықаралық қаржы ұйымдарымен серіктестікті нығайтуға дайын

Олжас Бектенов: Үкімет халықаралық қаржы ұйымдарымен серіктестікті нығайтуға дайын

7 Қазан 2026, 13:30
АВТОР
 Үкімет 7 Қазан 2026, 13:30
7 Қазан 2026, 13:30
113
Фото: Үкімет

Олжас Бектенов Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді

Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Еуразиялық даму банкі, Ислам даму банкі, Азия даму банкі және Француз даму агенттігінің өкілдері қатысты.

Отырыста ауқымды реформалар аясында Қазақстан дамуының жаңа кезеңдеріне ерекше назар аударылды. Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі – бизнесті дамытуға және ел үшін басым инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау.

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен конституциялық және институционалдық бағыттарды қамтитын ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Мұның барлығы еліміздің орнықты әрі серпінді экономикалық дамуына, оның ішінде халықаралық қаржы ұйымдары және институттарымен әріптестік аясында ықпал ететініне сенімдімін. Үкімет өзара тиімді серіктестікті нығайтуға және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған диалог құруға, ұсынымдар мен ұсыныстарды талқылауға әрдайым ашық әрі дайын екенін атап өтемін, – деді Олжас Бектенов.

Жиында су шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Отырысқа қатысушылар тұрғын үйді қаржыландыру бағыты бойынша азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету міндеттерін талқылады. Халықаралық қаржы корпорациясының басшысы Зафар Хашимов Қазақстан жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша Орталық Азияның көшбасшысы болып саналатынын атап өтті. 2025 жылы елімізде 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені, биылғы 8 айда бұл көрсеткіш 11,3 млн шаршы метрді құраған. Тұрғын үй саласын коммерциялық қаржыландыру үлесін арттыру және мемлекеттік атаулы қолдау тетіктерін жетілдіру әлеуеті атап өтілді. Осыған байланысты қолданыстағы құралдардың тиімділігін арттыруға, ипотекалық тетіктерді дамытуға және нысаналы субсидиялауға бағытталған шаралар кешені талқыланды.

Ірі инфрақұрылымдық және экологиялық жобаларды жүзеге асыруға назар аударылды.

«Солтүстік Арал теңізі және ирригациялық жүйелерді жаңғырту» жобасының бірінші кезеңі бойынша Халықаралық қайта құру және даму банкімен (ХҚДБ, Дүниежүзілік банк тобына кіреді) бірлесіп, Қызылорда және Түркістан облыстарында биылдан бастап Аралды қалпына келтіру және каналдарды реконструкциялау жұмыстары басталды. Бірінші кезең аясында «Қазсушар» РМК және «Тұран-Су» МКК 133 жобасы ұсынылды. Жобаны жүзеге асыру Солтүстік Арал теңізінің аумағын 3,9 мың км2-ге дейін және су көлемін 34 км3-ке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 1,4 мың шақырымнан астам ирригациялық желілерді реконструкциялау, су қоймасын күрделі жөндеу және суару жүйелеріндегі су ресурстарын есепке алу мен бақылауды автоматтандыру жоспарлануда. Жұмыстардың аяқталуы 2030 жылға жоспарланған.

Жоба су қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығын дамытуға, агротехнологиялық нысандарды жаңғыртуға және Солтүстік Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған.

Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев жобаның маңыздылығын атап өтіп, қаржы институтының өңірдің су ресурстарын ұзақмерзімді басқаруда сараптамалық және қаржылық қолдау көрсетуге дайындығын растады.

Сонымен қатар ЕҚДБ-мен бірлесіп, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысындағы гидротехникалық құрылыстар мен жалпы ұзындығы 676 шақырымнан асатын 56 каналды қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылады. Суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін 80,6 мың гектардан 92,3 мың гектарға дейін арттыру және су жинау көлемін 42,7 млн текше метрден 114,5 млн текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінің дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ЕҚДБ-мен бірлесіп, Риддер қаласындағы тәулігіне 19 мың текше метр су тазарту қуатына ие кәріздік тазарту құрылыстарын реконструкциялау жоспарлары туралы баяндады. Бұл инфрақұрылымды жаңартуға және Тихая өзені бассейніндегі су сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озхан су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңыздылығын атап өтіп, банктің Қазақстанның су және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысу ниетін растады.

Көтерілген мәселелер бойынша Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Президент кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, қаржы министрі Мәди Такиев, су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Салимов, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, сөз сөйледі.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр тұрғын үй құрылысын дамытудың және су ресурстары саласындағы жобаларды жүзеге асырудың стратегиялық маңызын атап өтті. Жауапты мемлекеттік органдарға айтылған бастамалар бойынша, сондай-ақ іске асырылып жатқан бірлескен жобалар шеңберінде қаражаттың тиімді пайдаланылуын бақылауды күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берілді.

Наверх