Бектаев: Президенттің тапсырмаларын орындау еліміздегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектеседі

6 Қаңтар 2022, 17:21
952
Бөлісу:
Бектаев: Президенттің тапсырмаларын орындау еліміздегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектеседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат депутаты Әли Бектаев Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы және онда қабылданған шаралар туралы пікір білдірді.

Ол кейбір өңірлерде орын алып отырған заңсыз әрекеттерді ақтау мүмкін емес екенін айтты.

«Екі-үш күннен бері еліміздің кейбір өңірлерінде, әсіресе Алматы мен Шымкент қалаларында болып жатқан оқиғаларды ештеңемен ақтап алуға болмайды. Бұл – халқымыз бен тұрғындарымыздың өміріне, мемлекетіміздің тұтастығына, тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін оқиғалар. Сондықтан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік Кеңесін жинап, сонда қабылдаған шешімдері өте орынды және уақтылы деп есептеймін. Дәл қазіргі жағдайда елдегі тәртіпті қалыпқа келтіру үшін, мемлекетіміздің тұтастығын сақтау үшін осындай нақты шаралар қабылдануы керек деп ойлаймын», - деді сенатор.

Осы орайда Әли Бектаев мемлекеттік органдармен қатар, қазақстандықтарға өзінің тілегін жеткізді.

Біз өз елімізге өзіміз ие болуымыз керек. Ол үшін біз өзіміздің ішкі тәртібімізді сақтауымыз керек. Әрқайсысымыз өз балаларымызға, жақын туыстарымызға ие болуымыз қажет. Осындай жағдайларда бір-бірімізге басу айтып, ақыл айтып, еліміздің болашағы үшін шетте қарап қалмауымыз керек. Кейбір азаматтардың әрекеттерін сөзбен, ақылмен және парасаттылықпен тоқтатуға әрекет жасау маңызды деп ойлаймын. Сондықтан, қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тарапынан жасалып жатқан шаралар тез арада осы тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді сенатор. 

Біздің мемлекетіміздің тәртіпті реттеп, әр қарай дами беруіне мүмкіндігі бар, деді сенатор Әли Бектаев сөз соңында. 

 

Өзгелердің жаңалығы