Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбаек Бекшин тұмаудың алдын алудың тиімді тәсілі вакциналау екенін айтты.
Республикада биылғы маусымда тұмау вирусының А (H1N1) – Брисбен, А (H3N2) – Кансас, В – Колорадо, В – Пхукет штамдары өзекті болады. Халықты вакцина алуға шақырамын. Өйткені вакцина 2500-3500 теңге тұрады. Асқынбаған жағдай болса да 10-15 мың теңге жұмсаймыз. Станционарда 40 мың теңге, асқынған болса емдеуге 130 мың кетеді. Біздің міндетіміз аурулар туралы ескерту, ақпараттандыру. Қай жерде вакциналуға болатыны туралы ақпаратты аумақтық органдардан алуға болады, - деді бас санитар дәрігер.
Қазақстанда Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылатынын айтты. Оның сөзінше тұмаудың 30 штамы бар. Оның бәріне бірдей вакцина әзірлеу мүмкін болмағандықтан асқынуы мүмкін кең таралған штамдарға ғана жасалады. Бекшин қажетті көлемде вакцина сатып алынғанын, шамамен екі миллион қазақстандыққа екпе жүргізілгенін айтты.
Халықтың осал топтарына, жиі ауыратын бес жасқа дейінгі балаларға, қарттарға екпе егілді. 85 мың жүкті әйел, 193 мың медицина қызметкері де бюджет есебінен вакциналанды. Жұмыс берушілердің есебінен де вакциналау жүреді. Жеке клиникалармен 300 мың доза сатып алынды. Ақылы негізде 65 мың адам егілді, - деді комитет төрағасы.
Ол тұмау мен тұмауға ұқсас аурулар гайморит, отит, бронхит, трахеит, синусит, пиелонефрит, цистит, миокардит сияқты ауруларға әкеп соқтыратынын ескертті.
Осы аурулар созылмалы ауруларға ұласып, дәріханалар мен ауруханалардың тұрақты клиентіне айналасыз. Өз-өзін емдеумен айналыспауға кеңес беремін. Алғашқы сатыларда ұқсас белгілер болады. Ауру асқынып кетпеуі үшін өз-өзіңізді емдеумен айналыспаңыздар», - деп кеңес берді бас санитар дәрігер.