Бұл жайында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр еліміздің батысында итбалық пен бекіренің не себепті қырылып жатқанын түсіндірді. Сөзінше, бүгінгі таңда жағадан өлген 59 итбалық пен 67 бекіре балығы табылды.
Өлекселерге қарағанда олар әртүрлі уақытта өлген. Сол себепті ол жақта құрамында ғылыми-зерттеу институттары, Итбалықтарды зерттеу және сауықтыру орталығы, жергілікті мемлекеттік органдар өкілдері бар жұмыс тобы айналысып жатыр. Балық шаруашылығы комитетінің өкілдері жағдайды зерделеп жатыр. Судан, ауадан, топырақтан қажетті сынамалар алынды, – деді Нысанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ерлан Нысанбаев жануарларлар мен балықтардың қырылуына мұнай қалдықтарының төгілуі әсер етпегенін айтады.
Былтыр да итбалықтардың қырылуы тіркелген еді. Ол кездегі себеп – өткір пневмония. Сондықтан да қазіргі уақытта түрлі аурулар мен өзге де себептерді қарастырып отырмыз, – деді Экология министрі.