"Бекіре-2024". Браконьерлерге 3,1 млн теңгеге айыппұл салынды

12 Сәуір 2024, 20:04
325
Бөлісу:
"Бекіре-2024". Браконьерлерге 3,1 млн теңгеге айыппұл салынды

"Бекіре-2024" акциясы аясында браконьерлерге 3,1 млн теңгеге айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ АШМ-ға сілтеме жасап.

2024 жылғы 28 наурызда ауыл шаруашылығы және ішкі істер министрліктері, сондай-ақ ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті арасында бекіре және басқа да балық түрлерін сақтау, олардың уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында «Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында «Бекіре-2024» кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойылды.

Акция басталғаннан бері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары ҚР ҰҚК құқық қорғау, табиғат қорғау органдары және Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп табиғат қорғау заңнамасының 116 бұзушылығын анықтап, жолын кесті.

Нәтижесінде 52 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, браконьерлік және сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерімен заңсыз қарым-қатынас жасау фактілері бойынша 14 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға 3,1 млн теңге айыппұл салынды.

Бұдан басқа, заңсыз айналымнан 2,6 тоннаға жуық балық тәркіленді, оның ішінде 505 килограмм бекіре тұқымдас балықтар, 3,5 килограмм бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығы, 15 бірлік балық аулау құралдары және 10 бірлік су көлігі.

Күн сайын өзен арнасы мен теңіз суын тазарту нәтижесінде су қоймаларынан жалпы ұзындығы 160 км-ден асатын 521 заңсыз балық аулау құралдары алынды.

Айта кетейік, балық қорғау акциясы жалғасуда.

Өзгелердің жаңалығы