Атырау облысында бекіре мен басқа да балық түрлерін заңсыз аулаудың, олардың айналымын анықтауға және жолын кесуге бағытталған «Бекіре-2024» жедел профилактикалық іс-шарасының күзгі кезеңі жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жайық-Каспий бассейні аумағындағы акция 10 қыркүйек күні басталған.
Жыл сайын өтетін акцияда Атырау облысы полиция департаментіндегі Балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы, 1-бөлігі, яғни балық аулау қағидаларын, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын пайдаланудың түрлерiн жүзеге асыру қағидаларын қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ бұзушылығы бойынша 25 азаматқа әкімшілік хаттама толтырды.
Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Атырау облысы Құрманғазы ауданының азық-түлік дүкендерінің бірінде заңсыз балық аулаумен айналысқан 1995 жылы туған ер адам ұсталды. Тексеру барысында салмағы 27 келі 620 грамм болатын бекіре тұқымдас балық өнімдері тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодекстің 339-бабы (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды. Қазір Жайық-Каспий бассейнінде қылмыстық іс әрекеттерді болдырмау және қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету шаралары әрі қарай бөлім қызметкерлерімен жалғастырылуда, - дейді Облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Іс-шараның күзгі кезеңі басталғалы 30-ға жуық тұлға тиісті жауапқа тартылды.