Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстанда президенттік институттың енгізілгеніне 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференцияда ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев айтты.
Біз бүгін президент лауазымын белгілеудің тарихи маңыздылығына талдау жүргізу, Президент институтының негізгі даму сатыларын, сондай-ақ саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі оның рөлін жаңғырту төңірегінде пікір алмасу мақсатында жиналып отырмыз. 1990 жылғы 24 сәуірде "Қазақ ССР Президенті лауазымын белгілеу және Қазақ ССР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңды қабылдау Қазақстанның мемлекеттік құрылысындағы ерекше кезең болды. Қазақстан тарихының сол бір жауапты кезеңінде Тұңғыш Президент болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сайлануы - жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің, оның саяси-құқықтық және экономикалық негіздерінің қалыптасуында ауқымды тарихи рөл атқарды. Көбіне дәл осы тұлғаның жеке ерік-жігері тәрізді қасиеттерінің арқасында елімізде Президент институты лауазымының белгіленуі орын алды. Бұл президенттік билікті институциялау мен Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруда оң рөл атқарды, - деді Марат Бекетаев.
Оның сөзінше, президент лауазымын белгілеу – маңызды тарихи, саяси-құқықтық рөлі бар оқиға. Осы институт арқасында Конституция қабылданды, белгілі бір құқықтық база жасақталып, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі алғышарттары жасалды.
Бұл - билік институттарының трансформациясына және ол қоғамдағы саяси, құқықтық-экономикалық жүйеге үлес қосты. Сонымен қатар, мемлекет ішіндегі түрлі процестердің қарқынды дамуына септігін тигізді. Мемлекет басшысының конституциялық мәртебесі егемен мемлекеттің институттарын ары қарай нығайтуға, халықаралық беделдің артуына және құқықтық қағидаттарға негізделген қазақстандық мемлекеттіліктің тұрақты негіздерін қалыптастыруға ықпал етті, - деді ол.