Бек Нұрмағанбет кәсіпқой бокстағы жоспарымен бөлісті

26 Желтоқсан 2020, 11:10
2325
Бөлісу:
Бек Нұрмағанбет кәсіпқой бокстағы жоспарымен бөлісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әуесқой бокстан ерсектер арасында 2019 жылы Таиландта өткен Азия чемпионатында 81 келіде топ жарған түркістандық жас дарынды боксшы Бек Нұрмағанбет биыл кәсіпқой боксқа ауысты. 

Жақында ол елордада үшінші жекпе-жегін өткізіп, ганалық тәжірибелі боксшы Эммануэль Дансоны алты раундта техникалық нокаутпен жеңді. Осы кештен кейін Бекпен жолығып, бірнеше сұрағымызды қойған едік. 

Тілші: Жекпе-жек қалай өтті? 

Бек Нұрмағанбет: Алты раундқа жоспарлаған еді. Бапкердің тактикасы бойынша жұдырықтасып шықтық. Жеңісті жолымды жалғастырғаныма қуаныштымын. Бұл жолғы қарсыласым ганалық Эммануэль Дансо деген жігіт болды. Өте тәжірибелі боксшы. Осыған дейін шаршы алаңда 37 кездесу өткізіп, оның 32-сінде жеңіске жеткен. Сондай-ақ 26-сын нокаутқа жіберген. Енді алда 8 раундтық жекпе-жектер бар. 

Бек Нұрмағанбет кәсіпқой бокстағы жоспарымен бөлісті

Тілші: Кәсіпқой бокста Қанат Орақбаевтан тәлім алып жүр екенсің. Жаттығу процестері қалай болып жатыр? 

Бек Нұрмағанбет:  Қанат ағамыз техникалық арсеналы бай боксшы ғой. Әуесқой және кәсіпқой бокста да жұдырықтасты. Осы күні жаттықтырушы болып жүр. Бізге білген-түйгенін үйретеді. Басында бірден үйренісіп кету оңай болмады. Лапа ұрғанда да түсінбей қалып жаттық. Өйткені 10 жыл бойы басқа бапкердің қарамағында жаттыққанбыз. Арада 2-3 ай өткенде бәрі қалыпқа келе бастады. Осы күні бір-бірімізді айтқызбай түсінетін болдық. 

Тілші: Қазір салмағын туралы айта кетсең?

Бек Нұрмағанбет: Жартылай ауыр салмақта яғни 79, 4 келіге дейін салмақта жұдырықтасып жүрмін. Кезінде Бейбіт Шүменов карьерасын осы салмақтан бастаған. Бұл салмақта Қырғызстанда туып, кейін Ресейге көшіп кеткен Дмитрий Бивол, тағы бір ресейлік Артур Бетербиев, канадалық Жан Паскаль секілді чемпиондар бар.  

Тілші: Жалпы, болашақта кімдермен кездескің келеді? 

Бек Нұрмағанбет:  Бабымыз келіссе, қай боксшымен болсын жұдырықтасар едім. Ешкімнен жүрексінбеймін. Бір боксшы бір боксшыдан қорқады екен деген өз ойыма кіріп шықпайды. Мысалы, Айдос Ербосынұлы Сауль Альварестен қорқады деп ойламаймын. Бұл жерде проблема чемпиондармен шығуда ғой. Промоутерлік компаниялар арасында шешілетін жұмыс.  

Тілші: Салмақ қуу жағы қалай болып жатыр? 

Бек Нұрмағанбет: Әуесқой мен кәсіпқой бокстың айырмашылығы салмақ қууда екен. Әуесқойда жүргенде 81 келіге қиналатынмын. Кейде салмағым 90-ға дейін баратын. Кәсіпқой бокстың салмақ қуу әдісімен 79 келіде емін-еркін жүрмін. 

Бек Нұрмағанбет кәсіпқой бокстағы жоспарымен бөлісті

Тілші: Бек деген есіміңді кім қойған? 

Бек Нұрмағанбет: Менің есімімді басында елімізге танымал Әбдікерім Манапов деген жергілікті айтыскер ағамыз Нұрбек деп қойғысы келген екен. Бірақ әкем оны Бек деп қысқартқан. Өйткені әкем тарихты жақсы көреді, көп оқиды. Бек - ежелгі түркі қауымдастығында  қолбасшылық дәрежесін білдіретін әскери шен, атақ. Сол себепті осындай мәртебелі болсын деп Бек деп қойған екен. 

Тілші: Отбасында сенен басқа спортпен айналысатындар бар ма? 

Бек Нұрмағанбет: Ондай ешкім жоқ. Әке-шешем де қарапайым жұмысшылар. Нұрмағанбет атамыз Ұлы отан соғысының ардагері. Отбасында төрт баламыз. Әпкем прокуратура жағында жұмыс істейді, ағам жеке кәсіпкер. Інім мектепте оқиды. 

Тілші: Ал өзің туған жерін Түркістаннан тағы қандай боксшыларды айта аласың? 

Бек Нұрмағанбет: Түркістан облыс болғаннан кейін аудан-аудандардан шығып жатыр. Бірақ Түркістан қаласының өзінде боксшы аз. Жақында менің салмағымда 81 келіде Бекболат Әбдікерім Қазақстан чемпионатында қола жүлдегер атанды. Сосын алғашқы бапкерімнің қарамағында жаттығып жүрген 2003 жылы туған Әділжан Жандарбек деген бар. Ол жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанды. Азия біріншілігіне барды. 

Тілші: Қай боксшылардың шеберлігі ұнайды? 

Бек Нұрмағанбет: Маған Жәнібек Әлімханұлы мен Әділбек Ниязымбетовтің боксы ұнайды. Жәнібектің соққысы ауыр. Ұрғанын аямайды. Ал Әділбектің аяқпен жұмыс істегені көңілімнен шығады. Сондықтан осы екі боксшының стилін біріктіріп, синтез жасадым. Бір-екі нокаут жасағаннан кейін болады екен деген ой келді. Шетелдің боксшыларын өзіме кумир тұтпаймын. 

Бек Нұрмағанбет кәсіпқой бокстағы жоспарымен бөлісті

Тілші: 2016 жылы  Санкт-Петербургтегі өткен әлем чемпионатының финалына дейін жеткен Садридин Ахмедов екеуін кәсіпқой боксқа ауысып кеттіңдер. Олимпиада ойындарын күтпеудің сыры неде? 

Бек Нұрмағанбет: Олимпиада деген 4 жылда бір өтеді. Оның үстіне, қазір тек 8 боксшы қатысады. Бір-екеуі ғана чемпион болады. Ұлттық құрамада 10 салмақ бойынша 40 боксшы жүреді. Сонда қалған 32-сі не істейді? Әрқайсысы өздерін көрсеткісі келеді. Отбасыларын асырау керек. Сондықтан кәсіпқой боксқа барады. 

Тілші: Елдегі әуесқой бокстағы бәсекелестік қалай? 

Бек Нұрмағанбет:  Қазақстанда әуесқой бокста бәсекелестік бұрыннан бар. Ол әрі қарай жалғаса береді деп ойлаймын. Қазақстан боксшылары бір-бірінің қыр-сырларын жақсы біледі. Сондықтан шетелдік боксшылармен жұдырықтасқанмен салыстырғанда өзіміздің жігіттермен шаршы алаңда қиынға соғады. Өзге елдің боксшыларын көп жағдайда аяқпен сәтті қимылдап, жеңіп кетеміз. Көп мемлекеттерде боксы төбелеске жақын.  

Тілші: Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатының 81 келідегі финалындағы жекпе-жекке қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жатыр... 

Бек Нұрмағанбет:  Финалда Бекзат Нұрдәулетов пен Нұрбек Оралбай кездесті. Екеуін де жақсы танимын. Шаршы алаңда кездескенмін. Біреуі ересектер арасында, екіншісі жастар арасында әлем чемпионы. Қай-қайсына жеңісті берсе болар еді. Қол көтерілгеннен кейін дау көтерудің пайдасы жоқ. Бекзат жеңімпаз болып қала бермек. «Жеңіске қандай жолмен жетсе де, оны ешкім сөге алмайды» деген Гитлердің сөзі бар екен ғой.  

Тілші: Өзбек боксы соңғы жылдары өте жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Сенің салмағында Бектемір Меликузиев деген боксшы жастығына қарамастан Олимпиада мен әлем чемпионаттарының финалына дейін жетті. Қазіргі кезде кәсіпқой бокста жүр. Бұл жігітпен кездесіп көрдің бе? 

Бек Нұрмағанбет:  Қазақстан Президент кубогында жолымыз түйісті. Екеуіміз финалда кездескенбіз. Мен онымен жақсы жұдырықтастым деп ойлаймын. Тіпті, ұттым деп ойлағанмын. Бірақ өзбек боксшының қолын көтерді. Ол кезде Өзбекстаннан медаль алмаған жалғыз сол екен. Осыдан соң ызам келгені бар. Бектемір осы күні кәсіпқой бокста жүр. Өзбекстан бокс федерациясы екі жақта өнер көрсетуге бірден рұқсатты берді. Сол себепті әуесқой мен кәсіпқой боксты қатар алып жүр. 

Жалпы, Өзбекстан боксы бұрыннан лас боксқа бейімделген. Шынтақ ұрып жіберу сияқты әрекеттер олар үшін түк емес.  Бұрын бір соққы бір ұпайға есептелетін, қазір әрбір раундты 10 балдық жүйемен есептейді.  Сосын олар алдыға қарай жүгіреді. Төрешілер ұрып жатыр екен деп соларға ұпайды бере береді. Негізі көп соққылары далаға кетіп жататынын байқамай қалады. 

Тілші: Былтыр жарақат алған кезінде сенің орнына әлем чемпионатына Бекзат Нұрдәулетов барды. Ол өзін мүмкіндігін керемет пайдаланды. Одан кейін Олимпиада лицзениясына иелік етті. Өкініш бар ма? 

Бек Нұрмағанбет:  Әрине, ол кезде өкініш болды. Боксқа 10 жылымды арнап келіп, соңғы сәтте жарақатыма байланысты чемпионаттан тыс қалдым. Негізі жарақатым бұрын да мазалап жүрген. Бірақ дәл әлем чемпионатының алдында тіпті отырып-тұра алмай қалдым. Амал жоқ, ота жасатуға тура келді. Әйтпесе, әлем чемпионатына барғым келген-ақ. Бекзат өз мүмкіндігін пайдаланды. Оған ризамын. Мықты боксшы.

Өзгелердің жаңалығы