«Beeline-да не болып жатыр?»: Қазақстандықтар интернет ақауларына шағымдануда

Кейбіреулер бұл мәселені қолдау қызметі арқылы да тез шеше алмай жатқанын атап өтуде.

19 Тамыз 2026, 18:14
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 19 Тамыз 2026, 18:14
19 Тамыз 2026, 18:14
108
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде Beeline мобильді интернеті мен жекелеген сервистерінің жұмысында ақаулар бар екенін жазуда. Пайдаланушылардың айтуынша, кейбір адамдарда байланыс бірнеше күннен бері дұрыс жұмыс істемейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әлеуметтік желілерде жарияланған шағымдарда пайдаланушылар интернетті қалыпты түрде пайдалана алмай отырғандары және оператор қосымшасының жұмысында да қиындықтарға тап болғандары айтылған. Кейбіреулер бұл мәселені қолдау қызметі арқылы да тез шеше алмай жатқанын атап өтуде.

Пайдаланушылардың бірі интернеттің бірнеше күннен бері жоқ екенін хабарлады. Тағы бір абонент тарифке қатысты мәселе мен колл-орталықтың жауабын ұзақ күтуге тура келгенін айтты. Тағы бір әйел адам қызметтің қолжетімсіз болуына байланысты банктік қосымша арқылы төлем жасай алмағанын, ал шотын толтырғаннан кейін де интернет әлі қосылмағанына шағымданды.

Бұл ретте әлеуметтік желідегі хабарламалар бойынша мәселе барлық абоненттерді қамтыды ма, әлде жекелеген өңірлер мен сервистерге ғана қатысты ма, оны нақты кесіп айту мүмкін емес.

Beeline не деп жауап берді?

BAQ.KZ ақаулардың себебін, мәселенің ауқымын және сервистердің тұрақты жұмысын қалпына келтіру мерзімін анықтау үшін Beeline компаниясына сұрау салды. 

Қазіргі уақытта клиенттердің бір бөлігі жекелеген сервистердің уақытша қолжетімсіздігіне тап болуы мүмкін. Мамандар мәселемен айналысып жатыр және жақын арада сервистердің жұмысы толық көлемде қалпына келтірілуі үшін барлық қажетті шараларды жасауда. Сервис жұмысындағы уақытша шектеулердің қолайсыздық тудыруы мүмкін екенін түсінеміз, клиенттерімізден кешірім сұраймыз. Шыдамдылық пен түсіністік танытқандарыңызға алғыс білдіреміз, - делінген хабарламада.

Компания байланыс қызметтерін пайдалана алмаған пайдаланушыларға абоненттік төлемге қайта есептеу жасалатынын не жасалмайтынын нақтылаған жоқ.

Наверх