«Бәйтерек» холдингі АӨК-ті қаржыландыру көлемін ұлғайтты

14 Ақпан 2022, 12:05
1309
Бөлісу:
«Бәйтерек» холдингі АӨК-ті қаржыландыру көлемін ұлғайтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) дамытудың стратегиялық маңызы жоғары. Ол, ең алдымен, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. 

Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» баспасөз қызметі хабарлады.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес компаниялары – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК) және «ҚазАгроҚаржы» АҚ (ҚАҚ) іске асыратын қаржыландыру бағдарламалары АӨК-ті қолдайтын тиімді құралдар.

 2021 жылы АӨК-ті АНК және ҚАҚ арқылы қаржыландыру көлемі 464 млрд теңгеден асты. 2020 жылмен салыстырғанда қаржыландыру 4%-ға өсті.

Өткен жылы мұндай қолдауға 23 мыңға жуық кәсіпкер ие болды. Қаржыландыру көлемінің 96%-дан астамы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне берілді.

«Кең дала» нысаналы кредит беру бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу 70 млрд теңгеге қаржыландырылды, бұл шамамен 3,6 млн га жерде егіс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді.

ҚАҚ лизингтік бағдарламалары бойынша ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландыру көлемі 140 млрд теңгеден асты (жылдық өсім 28%). Бұл 7,3 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік берді, осылайша 2020 жылы 6 мың бірлік болған лизинг көлемінен асып түсті, - делінген хабарламада.

Аграрлық секторда бәсекеге қабілетті өндірістік базаны дамыту үшін 2021 жылы жалпы құны 71,8 млрд теңге болатын 46 жоба қаржыландырылды, оларға 53,8 млрд теңге кредит берілді. 53,1 млрд теңге кредит берілген, құны 71,3 млрд теңге болатын 43 жоба пайдалануға берілді. Енгізілген жобалар жеміс, шырын, ет және сүт өнімдері, өсімдік майлары, көкөніс және т.б. өнім түрлерін өндіруге бағытталған.

АӨК субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттерге кепілдік беру бағдарламасы жалғастырылды. Ол қарыз алушыда кепілдік жетпеген кезде инвестициялық жобаларды енгізуге ықпал етеді. 1,6 млрд теңгеге 7 кепілдік берілді, осылайша ауыл шаруашылығына 3,2 млрд теңгеден астам сомада банктік қарыз тартылды.

Ұйым құрылымын оңтайландыру шаралары шеңберінде 2021 жылы Холдинг «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ны АНК-ке қосу жұмысын аяқтады, бұл өңірлердегі филиалдық желі арқылы фермерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша кредит беруге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы