Қазақстанға ресми сапары аясында Албания Президенті Байрам Бегай Президенттің Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ПІБ Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой делегацияны аурухана қызметімен таныстырды. Қонақтар клиниканың заманауи жабдықтар қойылған блоктарын, клиникалық фармакология, терапия бөлімдерін, емдеу және оңалту орталығын аралады.
Албания Президенті Байрам Бегай Қазақстанмен арада медициналық қызмет көрсету саласындағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Диагностика мен емдеу шараларының кең спектрін ұсынатын, заманауи медициналық жабдықтармен жарақталған ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы еліміздегі ең озық клиникалардың бірі саналады. Халыққа жоғары сапалы медициналық қызмет түрлерін көрсететін аурухана бұған дейін JCI (Joint Commission International) халықаралық стандарттарының талаптары бойынша бірнеше рет аккредиттеуден сәтті өткен болатын.