Байқоңыр тұрғындары тегін медициналық қызмет ала алмай жүр

23 Ақпан 2023, 17:22
955
Бөлісу:
Байқоңыр тұрғындары тегін медициналық қызмет ала алмай жүр
Фото: gov.kz

Бұл туралы сенатор Ақмарал Әлназарова Сенат отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, Байқоңыр қаласындағы мыңдаған қазақстандық тұрғындар сапалы медициналық қызмет ала алмай жүр. Белгілі болғандай, еліміздің 4000-ға жуық азаматы Ресей заңнамасының ережелері бойынша, оның ішінде 1996 жылғы үкіметаралық келісімге сәйкес зейнетақы алады. Ал қазір бұл адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін медициналық көмек ала алмай жүр. Себебі, олар туралы деректер еліміздің Еңбек министрлігінің ақпараттық базасында жоқ.

Қазақстан Республикасының осы санаттағы азаматтары медициналық көмекті тек қазақстандық медициналық ұйымда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және Ресей Федерациясы ұйымында шұғыл көмек ала алады. 2022 жылы 2 мыңнан астам науқас консультациялық-диагностикалық көмек, 600-ге жуық науқас жоспарлы стационарлық көмек, оның ішінде коронарографиялық және офтальмохирургия көмегіне қол жеткізе алмай отыр, - деді Ақмарал Әлназарова Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында. 

Айта кетерлігі, 2016 жылдан бастап қалада Байқоңыр қаласының, сондай-ақ Төретам және Ақай ауылдарының тұрғындары тіркелген қазақстандық аурухана жұмыс істейді. Алайда бұл аурухана қажетті көлемде тегін медициналық қызметтерді Қазақстанның сақтандырылған азаматтарына ғана көрсетеді.

Осылайша, зейнеткерлердің тегін медициналық көмек алу құқығынан айырылды. Қарт адамдарға қатысты мемлекеттік саясаттың негізгі ережелерін және аталған проблеманың ерекше әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, осы азаматтарды еліміздің ақпарат жүйесіне енгізу, тиісті қаржыландыру мәселесін шешуді және мемлекеттік жарна төлейтін адамдардың жеңілдетілген санатында болуын қамтамасыз етуін қарастыруды сұраймыз, - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы