Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшыру кезінде зымыран-тасығыштар апатына байланысты туындаған төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға арналған "Протон" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті.
ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқу-жаттығуларға 8 өңір қатысты. Өйткені зымыран-тасығыштар Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Нұр-Сұлтан қаласы үстінен өтеді.
Оқу-жаттығуды үйлестіру және басқару штабы Қызылорда қаласында Қызылорда облысы ТЖД ахуалдық орталығында орналасқан. Оқу-жаттығу барысында басқару органдарының, АҚМЖ аумақтық және салалық кіші жүйелерінің күштері мен құралдарының зымыран-тасығыштардың апатына байланысты ТЖ жою жөніндегі міндеттерді орындауға дайындық және өзара іс-қимыл деңгейі анықталды.
"Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшыру кезінде зымыран тасығыштардың апатына байланысты ТЖ туындаған кезде Орталық және жергілікті атқарушы органдардың бағынысты Азаматтық қорғау күштері мен құралдарын басқару бойынша өзара іс-қимылы жолға қойылды. Оқу-жаттығуға республикалық азаматтық қорғау қызметтері - орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары, облыстық Азаматтық қорғау қызметтері, Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бөлімшелері қатысты, - делінген таратылған ақпаратта.
Оқу-жаттығу теориялық, практикалық мәселелерді пысықтау және оқу орындарында апатттық-құтқару жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру арқылы екі кезеңде өткізілді. Бірінші кезеңде әрбір өңірге бес тапсырма берілді. Жаттығу бойынша "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшыру кезінде Қызылорда облысына гептил отыны бар "Протон" зымыраны Қармақшы ауданы аумағына құлағаны айтылды.
Екінші кезең шеңберінде зымырандардың апаттарына әрекет ету кезінде практикалық іс-әрекеттерді пысықтау бойынша арнайы-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді.
Зардап шеккен халықты эвакуациялау бойынша іс-әрекеттер, сондай-ақ гептилді детоксикациялау, бүлінген жер учаскелерін қалпына келтіру және зымыран-тасығыш апаты ауданында ауыл шаруашылығы және үй жануарларын диспансерлеу бойынша жұмыстар пысықталды.