Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматыда «TAZA SAILAU» тәуелсіз байқаушылар азаматтық қозғалысының баспасөз брифингі өтті.
Онда Жанна Ахметова, Эдуард Полетаев, Бигелді Ғабдуллин және Ерқанат Көпжасар бүкіл ел бойынша тәуелсіз бақылаушылардың жұмысын ұйымдастыру және оның барысы туралы айтып берді. Журналист Мақат Садық Нұр-Сұлтан қаасынан онлайн қосылды.
Қоғам қайраткері Бигелді Ғабдуллин бір ай ішінде атқарылған жұмыс туралы айтты.
Өздеріңіз білетіндей біз «Таза сайлау» атты тәуелсіз байқаушылар тобын Парламент сайлауынан екі ай бұрын құрдық. Біршама жұмыс жасалды. Мысалы, Алматыда бір күндік семинар өткізіп, соған ірі 25 қаланың өкілдері қатысып, қажетті білім алды. Жалпы Қазақстан бойынша 5000 байқаушы дайындалып, олардың бәрі осы сайлауда тығыз қызмет атқарады. Сонымен қатар Саясаткер мектебін ашып, байқаушылардың саяси мәдениетін көтеруге үлес қостық, - деп атап өтті Бигелді Ғабдуллин.
Саясаттанушы Эдуард Полетаев «TAZA SAILAU» қозғалысының қандай мақсатпен құрылғаны және олар бүгін қандай жұмыс атқаратыны туралы ақпаратпен бөлісті.
Біздің ең маңызды жұмысымыз - арандатуға жол бермей, заң үстемдігін қамтамасыз етуге күш салып, яғни түптеп келгенде, елдің бірлігі мен берекесіне қызмет ету. Біз құзырлы сайлау комиссиялары мүшелерінің жұмысына кедергі болмай, байқап-бақылау, қатесі болса айту біздің басты міндетіміз, - деді Эдуард Полетаев.
Айта кету керек, 2021 жылы өтетін Мәжіліс және мәслихатта депутаттарының кезекті сайлауының әділ өтуіне үлес қосу үшін қоғам белсенділері мен журналистер «TAZA SAILAU» азаматтық бақылау ұйымын құрды. Байқаушылар қатарында жазушы, қоғам белсендісі – Бигелді Ғабдуллин, журналист Махат Садық, тележурналист Ерқанат Көпжасарұлы, қоғам белсендісі Жанна Ахметова, саясаттанушы Эдуард Полетаев бар.
«TAZA SAILAU» тәуелсіз байқаушылар желісі 25 ірі қаласында жалпы саны 5 мыңға байқаушылар дайындады.
Сондай-ақ, ОСК-да 5 саяси партияның: «Нұр Отан», «Ақ жол», «Адал» (бұрын партия «Бірлік» деп аталған), «Ауыл», «Қазақстанның Халық партиясының» (бұрын - Коммунистік Халық партиясы) партиялық тізімдері тіркелгенін атап өткен жөн. Барлығы 312 үміткер, оның 90-ы әйелдер. Орташа жасы - 46, 47 жас.