Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Байғанин ауданындағы ауылда 58 жылдағы алғашқы өрт сөндіру бекеті ашылды – Ақтөбе облысы

Бүгiн, 22:42
100
Бөлісу:
 ТЖМ баспасөз қызметі
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының Қарауылкелді ауылында соңғы 58 жылда алғаш рет жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Салтанатты ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, қызмет ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Бұған дейін өрт сөндірушілер 1968 жылы салынған, қызмет талаптарына сай келмейтін және апатты деп танылған ғимаратта жұмыс істеген.

Аумағы кең, елді мекендері бір-бірінен шалғай орналасқан аудан үшін заманауи өрт сөндіру бөлімінің ашылуы маңызды оқиғаға айналды.

Жаңа депо құтқарушылардың жұмыс жағдайын түбегейлі өзгертеді. Кешенде техникаға арналған гараж бокстары, диспетчерлік, асхана, оқу сыныптары, жабдықтар қоймасы, демалыс үй-жайлары және газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті қарастырылған. Дене даярлығын сақтау мақсатында «Batyr team» спорт залы, футбол алаңы және workout-аймақ жабдықталған. Мұндай инфрақұрылым тіпті қалалық бөлімшелердің өзінде сирек кездеседі.

Ашылу рәсімінде жеке құрамға жаңа техника кілттері табыс етілді, соның ішінде жедел-құтқару көлігі мен аудан жағдайында ерекше сұранысқа ие өтімділігі жоғары мамандандырылған жүк-жолаушы көлігі де бар. Сонымен қатар жобаны іске асыруға атсалысқан ТЖД қызметкерлері, қызмет ардагерлері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері алғыс хаттармен және ведомстволық медальдармен марапатталды.

Жаңа өрт сөндіру депосының ашылуы құтқарушылардың әрекет ету уақытын қысқартып, олардың жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Байғанин ауданы тұрғындары үшін бұл төтенше жағдайларда жедел көмек алуды және қауіпсіздік деңгейінің артқанын білдіреді, – деп жазды министрліктен.

Өзгелердің жаңалығы