Баянауылда облыстық дәстүрлі әншілер байқауының жеңімпаздары анықталды

21 Қазан 2021, 20:42
2670
Бөлісу:
Баянауылда облыстық дәстүрлі әншілер байқауының жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жарылғапберді Жұмабайұлының 170 жылдығына арналған «Арқаға аты әйгілі Жарылғапберді» облыстық дәстүрлі әншілер байқауы өтті, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.


Байқауды облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы және Баянауыл аудандық мәдениет бөлімі ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты - Жарылғапберді Жұмабайұлының ән мұрасын халыққа кеңінен насихаттап, қайта жаңғырту. Киелі Баян өңірінің біртуар әнші, композиторының өшпес мұрасын, шығармаларын өскелең ұрпаққа таныстыру, - деді «Шаңырақ» орталығында.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үміткерлер Жарылғапбердінің «Ардақ» әнін орындады. Екінші кезеңде үміткерлер Біржан сал Қожағұлұлы, Ақансері Қорамсаұлы, Майра Шамсутдинова, Иманжүсіп Құтпанұлы, Бүркітбай Мұстафаұлы, Әсет Найманбайұлы, Естай Беркімбайұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Бәйтен сал, Иса Байзақов әндерінен өз қалауы бойынша бір ән орындау қажет болды.

Тартысты доданың өтуіне демеушілік жасаған Жарылғапберді Жұмабайұлының ұрпағы Құдайберген Тажмағамбетов бастаған бір топ өнер жанашырлары болды.

Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Павлодар қаласының үміткері Дәуренбек Слямғалиға бұйырса, 1-орын Жайдар Шунан (Екібастұз), ал, 2-орын Нұрбол Мұхитқа (Екібастұз) бұйырды. 3-орынды Тәттімбет Жасқайратұлы (Баянауыл) мен Ербақ Құрметжан (Успен) еншіледі.

Сондай-ақ «Ақбетту» журналының арнайы жүлдесі Жанерке Маукенге (Майқайың) бұйырса, «Көрермендер көзайымы» номинациясына Самал Жакупова (Баянауыл) мен Салтанат Шәмей (Ертіс) лайық деп табылды.

Барлық қатысқан үміткерлер мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы