Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы жазда Баянауыл өлкесіне келетін тынығушылар саны екі есе көп болмақ. Осы жазда қасиетті өңірге 120 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде.
Ел тұрғындарының сүйікті демалыс аймағында экологиялық, қасиетте жерлер, ғылыми-зерттеу туризмімен қатар, енді спорттық бағыт да даму үстінде. Осы аптаның соңында Баян өлкесінде алғаш рет жүгіру жарысы өтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы тектес ауқымды шаралар Ертіс-Баян өңіріне қарапайым демалушыларды ғана емес, салауатты өмір салтын серік еткен азаматтарды да көптеп тартады. Басымдық әуесқой спортшыларға берілген.
Жарысты өткізудегі мақсат, әрине – бұқаралық спортты дамытуға атсалысу, Баянауыл өңірінің көрікті жерлерін жұртшылыққа таныстыру. Тіркеу басталысымен аз уақыт ішінде жүздеген қатысушы тіркеліп үлгерді. Қазіргі уақытта 300-ге жуық әуесқоя желаяқ дайындалып жатыр. Қатысамын деушілер қатары өте көп. Өкінішке қарай, шектеу бар. Шыны керек, алғашқы жарысқа осыншама адам тіркеледі деп күтпедік. Байрақты бәсекеде бақтарын сынауға Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарының спортшылары келмек. Жарысты өз деңгейінде өткізгіміз келеді, - дейді жүгіру қозғалысының белсендісі Болат Ордабаев.
Жарыс 10 және 21 шақырымдық қашықтық бойынша өтеді. Қос қашықтық бағыттарын әзірлеу барысында Баянауыл ауданының ең көрікті жерлері қамтылған.
Айта кетейік, туристік аумақта 50-ге жуық қонақүй жұмыс істеп жатыр. Нысандар бір мезетте 4600 адамды қабылдауға қауқарлы.