Баян-Өлгийден шыққан ақын-жазушылардың кітап көрмесі өтеді

5 Қыркүйек 2019, 15:29
4507
Бөлісу:
Баян-Өлгийден шыққан ақын-жазушылардың кітап көрмесі өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Моңғолияның  Баян-Өлгий аймағындағы Ақтан Бабиұлы атындағы бұқаралық кітапхананың құрылғанына биыл 70 жыл толады. Білім ордасының торқалы тойы қыркүйектің 9-10-ы күндері аталып өтілмекші.

Осыған орай Баян-Өлгийден шыққан ақын-жазушылардың кітап көрмесі ұйымдастырылады. Кітапхана директоры Алтынгүл Дәлелқызының айтуына қарағанда көрмеге 1955 жылдан бері қарайғы баспа бетін көрген барлық кітап қойылатын болады.

"Кітапханамыздың 70 жылдық тойы қарсаңында мүшәйра, аймағымыздан шыққан ақын-жазушылардың бұрын-соңды шыққан кітаптарынан көрме ұйымдастырамыз деген жоспарымыз бар. Бұл үшін жергілікті жерден қаржылай көмек қолын ұсынып жатқандар да көп. Сонымен қатар мерейлі мерекемізбен құттықтап Ұланбатыр қаласынан Б.Ичинхорлоо бастаған арнайы қонақтар келсе, Қазақстан тарапынан Өскемен қалалық Оралхан Бөкей атындағы кітапхана ұжымы, Шығыс Қазақстан облысының А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханасының ұжымы арнайы келіп қатысатындықтарын жеткізді" - дейді кітапхана басшысы.

Баян-Өлгий аймағындағы аталған кітапқананың іргетасы алғаш рет 1945 жылы 1 сәуірде аймақтық драма  театрының бір бөлмесінде, 1500 кітаппен қаланған еді. Ал 1951 жылы 4750 дана кітаппен аймақтық Кітапхан болып бөлек шықты. Қазіргі таңда кітап қоры 60 мыңнан асты. Оның 40 пайыздан астамы қазақ тілінде болса, 50 пайызы моңғол тілінде. Қалған 10 пайызы өзге тілдердегі кітаптар. Қазіргі таңда кітапхана ұжымында 17 адам қызмет атқарып келеді.

Осы орайда, Қазақстан тарапынан, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласында тұратын моңғолиядан келген зиялы қауым өкілдері Баян-Өлгий кітапханасына арнайы тарту жасап, кітап сыйлауды көздеп отырғанын жеткізе кеткіміз келеді.

«Атажұрттан рухани тарту» акциясы аясында – шетелдегі этникалық қазақтар үшін оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу мен шығару, кітаптардың электронды нұсқасын қамтамасыз ету де қарастырылған. Сондай-ақ шетелде тұратын отандастарымыз туралы кітаптар Қазақстанға жеткізіліп, «Отандастар» қоры кітапханасында жинақталады. Қазіргі уақытта акция жұмысын бастаған. Германияның Мюнхен қаласында өткен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайына және Ресей астанасы Мәскеудегі "Қазақ тілі" мәдени орталықтарына кітаптар жеткізді. Акция жыл бойы жалғасын табады. Алдағы уақытта бұл кітаптар Моңғолиядағы бауырларымызға ғана емес, Ресей, Өзбекстан, Беларусь елдеріндегі қандастарымызға да жіберілетін болады" - дейді кітап жинап жатқан белсенділер.

Өзгелердің жаңалығы