Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Бюджет кодексіне қандай өзгерістер енгізу керегін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кодекстің жобасы Мәжілісте талқыланып жатыр. Кодекс жобасына қатысты сұрақтар жетерлік. Әртүрлі деңгейлерде – аудандық, облыстық және республикалық деңгейлерде бюджетті басқарған адам ретінде, қазіргі кодекс негізгі мәселелерді шешпейтінін көріп отырмын, - деді депутат.
Аймағамбетов негізгі мәселелерге тоқталып өтті.
Жаңа Бюджет кодексінің концепциясына сәйкес, енді қаржыландыру нақты міндеттер мен көрсеткіштерге сәйкес бөлінуге тиіс, бұл әкімшілерге осы мақсаттарға жету үшін қаржыны қайта бөлу бойынша еркіндік береді. Бұл дұрыс қадам, бірақ бірқатар сұрақ туындайды: бұл көрсеткіштерді кім және қалай құрастырады, олардың әдістемесі мен релеванттылығы қандай? Әдетте бұл көрсеткіштерді министрліктердің өзі құрастырады, бұл мемлекеттік органдар үшін ыңғайлы, алайда шынайы мәселелерді көрсете бермейді. Біз бұл салада жұмыс істедік, мұны қалай істейтінін білеміз, - дейді мәжілісмен.
Депутаттың айтуынша, біздегі мемлекеттік жоспарлау жүйесі күрделі. Соңғы үш жыл ішінде мемлекеттік бағдарламалар ұлттық жобаларға ауыстырылды, қабылданған ұлттық жобалардың көбі кейіннен жойылды, содан кейін жаңа концепциялар қабылданды, оларды тіпті түзетіп те үлгерді.
Сондықтан Бюджет кодексін жаңа Салық кодексімен және жаңа мемлекеттік жоспарлау жүйесімен (СЖЖ) үйлестіру маңызды еді. Алайда баяғы жартас сол жартас. Ол аздай, көрсеткіштерді мемлекеттік органдар өз бетінше анықтайтын болды. Мемлекеттік қарыз проблемасына келетін болсақ, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына қоғам мен парламенттің бақылауы және ашықтық мәселесі шешілмеген. Сонымен бірге бюджетті түзету мәселесі де шешілмеген. Қазіргі таңда Үкімет бюджетті өз бетінше 10%-ға дейін түзете алады. Өткен жылы Үкімет бюджетке 8 рет түзету енгізген. Енді бұл көлемді 10%-дан 15%-ға дейін көбейту ұсынылып отыр, сондай-ақ парламентте бюджетті нақтылау шегін бір реттен арттырмау керек деп ұсынылған. Бұл ақылға сыймайды, - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуына қарағанда, әртүрлі бюджеттен тыс қорлардың көбейіп кеткені де шешілмей отыр. Бұл қорлар ашық болуға тиіс және барлық қаражат міндетті түрде бюджет арқылы және Қазынашылық арқылы өтуге тиіс.
Бюджеттік өтінімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мәселесі шешілмеген. Бюджетті қарағанда депутаттар бюджеттік өтінімді көрмейді, мемлекеттік органның жалпы қажеттілігін және олардың бастапқыда не сұрағанын көрмейді. Біз депутаттар үшін ақпараттық жүйені ашық етуді және онда тек Қаржы министрлігінің шектеулерінде қолдау тапқан шығындарды ғана емес, сонымен бірге бюджеттік бағдарлама әкімшісінің жалпы қажеттілігін көрсетуді ұсындық. Әкімшілікке жалпы сипаттағы трансферттер арқылы бөлінген қаражатты басқа мақсаттарға бағыттау мәселесі де шешілмеген. Мысалы, мектептерді салуға немесе мұғалімдердің жалақысына арналған трансферттер болған кезде, әкімшілік осы қаражатты басқа қажеттіліктерге бағыттап, бастапқы мәселені шешпей, кейін Қаржы министрлігіне қосымша қаражат сұрап келген, - дейді ол.
Аймағамбетовтің сөзінше, Үкімет резервінің шексіз өсу мәселесі де шешілмей отыр. Үкімет резервінің мөлшерін нақты шектеу ұсынылып отыр, сондықтан бюджетте қаражат мақсатсыз жатпай, бірден мемлекеттік органдарға нақты мақсаттарға бөлінуге тиіс.
Игерілмеген қаражатты келесі жылға ауыстыру механизмі де қарастырылмаған. Маңызды және ұзақ мерзімді шығындарды уақытылы келесі жылға ауыстыру мүмкіндігін беру өте маңызды, бірақ осыған арналған нақты механизм жоқ. Кодекс жобасының тағы да бірнеше кемшілігін атап өтуге болады. Қазіргі уақытта біздің түзетулеріміз жұмыс тобында талқыланып жатыр. Түзетулердің басым бөлігі қабылданып, Мәжілісте жетілдіру аясындағы кемшіліктер жойылады деп үміттенеміз, - деп айтты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.