Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің ректоры Бауыржан Ерденбековпен бүгінгі білім саласы, ЖОО-лардағы білім беру, студенттер мен оқытушылар арасындағы баға сату мәселесі жайлы сөз қозғаған едік.
- Бауыржан Амангелдіұлы, қалай ойлайсыз, баға алу үшін пара берген студент кінәлі ме, әлде тиесілі бағаны ақшаға сатқан оқытушы кінәлі ме?
- Студенттері дипломдарын сатып алатын университеттер бар. Оған қоғамның өзі кінәлі. Сол қоғамды жасап жатқан бәріміз кінәліміз. Білім беру мекемелерінің студенттері дипломдық жұмыстарын сатып алатыны да өтірік емес. Осылайша жемқорлық фактілері тіркеледі. Осы орайда, Шәкәрім университеті барлық аталған мәселелерді түбегейлі шешуді жоспарлап отыр. Оқу орындарда сыбайлас жемқорлық фактілері бар. Оған кім кінәлі?! Пара беріп отырған студент пе, әлде алған оқытушы ма? Ойлап қарасақ, 11 сыныпқа дейін мектептегі оқушылар ондай ойдан аулақ болады. Мұның бәрі ЖОО келгеннен басталады. Сол үшін университетте жемқорлық пен парақорлықты алдын-алуға арналған «Таза сессия» акциясы өтеді. Соған орай арнайы жемқорлыққа қарсы агенттік студенттермен кездесіп, сауалнама жүргізіп, парақорлықтың зардабын жете түсіндіруде. Негізі параны оқымайтын және сабаққа қатыспайтын студенттер береді. Ал, егер ондай оқиғалар тіркелсе, ұстаз бен студент қатар жазаланады.
- Өткен жылдың соңында ел Президенті мұғалім мәртебесі туралы заңға қол қойды. 2020 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсті. Бүгінде ЖОО-ның ұстаздарының жағдайы қалай болмақ?
- Әрине, мұғалімнің мәртебесін көтеру керек. Мектеп пен колледж мұғалімдерінің де, университет оқытушыларының да жалақысын өсіру қажет. Білім министрі 1 қыркүйектен бастап ЖОО оқытушыларының ең төменгі жалақысы кем дегенде 200 000 теңгені құрауы керек деді. Бүгінде 80, 90, 150 мың теңге алатын оқытушылар бар.
Қазір университет әкімшілігі өз оқытушыларының жалақысын көтеруі үшін өз кірістерін есептеп жатыр. Биылғы 1 қыркүйектен бастап университет оқытушыларының жалақысын өсіру жоспарланып отыр. Егер ол жүзеге асатын болса, Білім және ғылым министрлігіне бағынысты университеттің оқытушысы айына кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы - 230 мың теңге, доцент - 260 мың теңге, профессор - 350 мың теңге ал, ұлттық университеттерде - 400 мың теңге алуы керек.
- Өзіңіз басқарып отырған Шәкәрім университетінің құрылғанына да ғасырға жуықтап қалды. Нақтырақ айтсақ - 86 жыл. Іргелі оқу ордасы бәсекеге қаншалықты қабілетті деп ойлайсыз?
- Иә, Шәкәрім университетінің бай тарихы бар. Бірақ біз университет тарихымен емес, студенттерге беретін сапалы біліммен мақтануымыз керек. Қазіргі таңда қаншалықты бәсекеге қабілетті екенімізді ойлауымыз керек. Күні кеше пайда болып, бізбен тең дәрежеге жеткен университеттер бар. Сондықтан біз алдыңғы қатарлы университеттермен тең болуымыз қажет. Қазір университеттің жаңа саясаты сапалы және арнайы білім беруді көздейді. Ақылды әрі білімді ұрпақ болса, мұнайсыз-ақ өмір сүруге болатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Бүгінгі таңда университет 80-ге жуық бакалавриат дайындайды. Алайда ұсынылған мамандықтардың барлығы бірдей сұранысқа ие емес. Міне, сондықтан университет басшылығы, сан емес, сапа үшін жұмыс істеуге нақты шешім қабылдады. Осылайша, сұранысы жоқ мамандықтар жабылып, қажеттілігі жоғары маман иелері даярланатын болады. Үлкен мегаполистерде студенттерді белгілі бір бағытта ғана оқытатын университеттер бар. Бұрыңғы 4 институт бүгінде бір ЖОО-ға біріктіріліп отыр. Сондықтан, аймақ үшін көпсалалы университет қажет деп санаймын.
- Ректорлық лауазым сізге таңсық емес, бұдан бұрын Ақтөбе өңірлік ЖОО-да басшылық еттіңіз. Жалпы университетті жекеменшігіндей сезінетін әріптестеріңіз бар. Ал сіздің ұстанымыңыз қандай?
- Университет - ректордың жекеменшігі емес. Мен басыбайлы иемденіп, мемлекеттің дүниесін, өзімідікі деп қарайтын жайтқа қарсымын. Ректор бәрін шешеді деп, барлығы басшының алдына келіп, әр түрлі мәселелерін айтады. Бұл дұрыс емес. Ұстаз, куратор, декан, проректор білікті және өз істеріне жауапты болу керек. Сонда студенттің де, ата-ананың да, оқытушылардың да уақыты ректордың қабылдауыда өтпейді. Ректор да креслосында әңгімелесу үшін отырған жоқ. Әр адам атқарып жатқан жұмысына адал болуы керек.
Биылдан бастап коммерциялық емес акционерлік қоғам болу арқылы университет еркіндікке көшті. Бірақ, ол еркіндік ректорға берілді деген сөз емес. Енді барлық мәселелерді шешетін директорлар кеңесінің құрамы бар, ал ректор сол құрамның бір мүшесі ғана. Кеңеске 15 адам қатысып, барлық маңызды шешімдер жиналыстарда қабылданады. Осылайша, ректор бұдан былай университеттің дамуының стратегиялық жоспарын, қаржылық мәселелерін өзі жеке шеше алмайды. Бұл мәселелердің барлығы тек директорлар кеңесінде қабылданады.
- Олай болса, университет қаржы ресурстарын қайдан алады?
- Бұл сұрақ көптің көкейінде жүргенін жақсы білемін. Жауабын берейін. Оқу орынның негізгі табысы ол студенттердің мемлекет бөлген гранты мен ақылы ақшасы. Сонымен бірге, Білім министрлігі материалды базаны жаңарту үшін еліміздегі 20 жоғары оқу орнына 1 миллиард теңге көлемінде қаражат бөледі. Бірақ бұл үшін біз барлық талаптарға сай болуымыз қажет. Сондай-ақ, «Шәкәрім шапағаты» фонды құрылып, алдағы уақытта меценаттарды тарту ойластырылды.