Сергей Дворцевойдың әйгілі «Қызғалдақ» фильміндегі (2008 жылғы Канн кинофестиваліндегі «Ерекше көзқарас» байқауының бас жүлде иегері) басты рөлімен танылған Асхат Кучинчиреков режиссер ретіндегі дебюттік фильмінің түсірілімін аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Бауырына салу» фильмі әжесінің қолында өскен жеткіншектің оқиғасын баяндайды. Әжесі қайтыс болғаннан кейін ол өзінің ата-анасына оралуға және оған бөтен адамдармен жаңа ортада қарым-қатынас құруға мәжбүр болады.
Бұл ішінара менің жеке өмірімнен алынған оқиға. Мен де әжемнің қолында өстім, мені тәрбиелеген сол кісі. Осы мәселені жіті зерттедім. Мұндағы басты нәрсе – ата-анамен баланың қарым-қатынасы. Ата-әжесінің қолында өскен кез-келген бала өз ата-анасын «әке» не «ана» деп атамайды. Неге олай? Әр сондай баланың ішінде «мені тастап кеткен» деген реніш бар. Фильмнің драматургиясы, ескі отбасынан айырылғаннан кейін әлі де жаңа отбасы табу мүмкіндігі бар екенін көрерменге жеткізу, - дейді режиссер.
Жеткіншектің рөлін Ерсұлтан Ерманов сомдап шықты. Бұл оның кинодағы дебюті. Жас әртіс 2000 бала қатысқан кең ауқымды онлайн кастингтен өткен. Оның әкесінің рөлінде кәсіби актер Айдос Әуесбаев ойнайды.
Кучинчирековтің өзі бұл жобада режиссер, сценарист және продюсер ретінде жұмыс істеді. Түсірілім өткен жылдың жазында өтті. Негізгі локациялар – Алматы облысындағы Құйған және Тұйық ауылдары. Қоюшы-операторы Жанарбек Елеубек.
Авторлар фильмнің тұсаукесерін ірі халықаралық кинофестивальдерде өткізіп, отандық прокатқа келесі жылы шығуды жоспарлап отыр. Режиссердің айтуынша, бұл туынды – қазақ халқының салт-дәстүріне деген құрмет.
Бұл картина бәріне қызық. Тұсаукесері Каннда болса екен деймін, оны француздармен талқылап жатырмыз. Сингапурдан продюсерлер хабарласты, Германиядан жазды, біздің салтымыздың бірегейлігі мен тарихымыз бәріне қызықты. Өздері солай айтады. Әр ұлттың салт-дәстүрлері бар, бірақ уақыт ете келе олар өзгеріске ұшырап, кейбірі тіпті жоғалып кеткен, уақыт бәрін өзгертті. Ал біздің бұл салтымыз сақталып қалды. Қазір балалар әлі де ата-әжесінің қолында өседі. Мысалы менің көршілерім Астанаға жұмысқа кетіп, балаларын ата-аналарына қалдырды. Балаларын атасы мен әжесіне тәрбиелеуге беретін өте бай адамдар да бар. Бұл дәстүрдің осы күнге дейін сақталуы таңқаларлық», - дейді Кучинчиреков.
«Бауырына салу» фильмі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген.