Батысқазақстандықтар сенаторлардан тұрғын үйді жекешелендіру мәселелерін шешуді сұрады

28 Наурыз 2022, 20:55
1539
Бөлісу:
Батысқазақстандықтар сенаторлардан тұрғын үйді жекешелендіру  мәселелерін шешуді сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат депутаттары Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысына сапары барысындағы кездесулерде тұрғын үй, денсаулық сақтау саласы, тариф саясаты және бизнесті субсидиялауға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Оралдықтар сенаторлардан қазір тұрып жатқан үйлерін жекешелендіру мәселесін шешуге көмек көрсетуді сұрады. Мемлекет 2011 жылы үйлерін су басқаннан кейін тұрғындарға 146 пәтер бөлген болатын. Тұрғындардың айтуынша, олар бұл пәтерлерді осы күнге дейін жекешелендіре де, қалдық құны бойынша да сатып ала алмайды екен. 

Сенаторлар бұл мәселе Парламент қабырғасында көтеріліп, Премьер-министрдің атына тиісті депутаттық сауал жолдағанын айтты. Парламентшілер атап өткендей, қазіргі уақытта Парламентте тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасы қаралып жатыр. Жобаға осы мәселеге қатысты бірқатар ұсыныстар енгізілетін болады. Депутаттар көтерілген барлық мәселелер алдағы жұмыс барысында ескерілетінін атап өтті.

Сенаторлар «Аманат» партиясының ғимаратында азаматтарды өтініштері бойынша жеке қабылдады. Батысқазақстандықтар денсаулығына байланысты баспана да, көмек те ала алмайтын болып шықты. Бір адам Нұр-Сұлтан қаласында болып, ешқандай медициналық көмек алмағанына шағым жасады. Сенаторлар бұл жағдайға түсіністік білдіріп, Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдады, сонымен қатар анықталған ауыр науқасқа сәуір айының басында толық тексеру жасауды ұйымдастыруға көмектесті.

«Жайықжылуқуат» АҚ ұжымымен, қала автопарктерінің басшыларымен, сондай-ақ ПИК және меншік иелерінің бірлестігінің басшыларымен кездесуде тариф саясаты мәселелері көтерілді.

Сенаторлар сондай-ақ «Агрореммаш» зауытында да болды. Мұнда италиялық компаниямен бірлесіп ірі тонналық жүк көліктері, оның ішінде өрт сөндіру және қоқыс таситын машиналар, ірі тонналық цистерналар мен тіркемелер жасалады. Компания өкілдерінің айтуынша, олар көліктің аталған түрлерін шығаруға толық дайын, бірақ тапсырыстар мен қаржылық қолдау жетіспей отыр. Депутаттар сапар барысында айтылған мәселелерді бақылауға алатын болды.

Өзгелердің жаңалығы