Батыс және оңтүстік облыстарында дене шынықтыру клубтары жоқ

18 Мамыр 2021, 10:51
1191
Бөлісу:
Батыс және оңтүстік облыстарында дене шынықтыру клубтары жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің батыс және оңтүстік облыстарында дене шынықтыру клубтары жоқ. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов айтты. 

Оның айтуынша, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстары мен Алматы қаласында балалар және жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары жоқ екен.

Бұқаралық спорттың дамуына спорт нұсқаушыларының қосып жатқан үлесі зор. Бүгінгі таңда республикада тұрғылықты жері бойынша 3 мыңнан астам спорт нұсқаушысы жұмыс істейді.  Оның ішінде ауылдық жерде 1 200-ге жуық спорт нұсқаушысы бар.

Спорт нұсқаушыларының ең көп саны Алматы қаласында – 961, Қарағанды облысында – 271, Алматы облысында – 253, ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында – 8 және Шымкент қаласында - 9,- дейді Ерлан Қожағапанов Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында.

Дене шынықтыру ұжымдарының саны 21 334 болса, оның ішінде 130 мыңнан астам спорт секциялары құрылған. 

Бүгінгі таңда елімізде 41 352 спорт ғимараты жұмыс істейді (ауылда 23693). Әрбір өңірде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 13-і 2019 жылы, 14-і 2020 жылы пайдалануға берілді,- дейді вице-министр.

Ол сонымен қатар пандемия кезінде мемлекет әлеуметтік қолдау шараларын және республикалық спорт ұйымдарын қаржыландыруды тоқтатпағанын атап өтті.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледж қызметкерлерінің жалақысы көбейтілді, ол 2023 жылға дейін жыл сайын 25% өсетін болады. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне сабақтан тыс спорттық сабақтарды жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы белгілеу туралы мәселе шешімін тапты,- дейді Қожағапанов.
Өзгелердің жаңалығы