Ауа райының күрт нашарлауына байланысты Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автожолдың бір бөлігінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, 1 ақпан күні сағат 23:30-дан бастап "Атырау – Орал" автожолының 371-492 шақырым аралығындағы, яғни Орал қаласы мен Чапай ауылының арасын қамтитын учаскеде көліктің барлық түрі үшін қозғалыс уақытша тоқтатылды. Бұл шешім жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жүргізушілердің өміріне төнетін қатердің алдын алу мақсатында қабылданған.
Қазіргі таңда жол қызметтері жағдайды бақылауда ұстап отыр. Алдын ала жоспар бойынша, аталған бағыттағы қозғалыс 2 ақпан күні таңғы сағат 08:00-де қайта ашылуы мүмкін.
Жүргізушілер мен жолаушыларға жолға шығар алдында ауа райы болжамын және жол жағдайын нақтылап алу ұсынылады. Қосымша ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығы арқылы білуге болады.