Батыс Қазақстан облысындағы "Сырым" өткізу бекеті жабылмайтын болды

Бүгiн, 14:38
118
Бөлісу:
Батыс Қазақстан облысындағы "Сырым" өткізу бекеті жабылмайтын болды
Фото: автордан

Бұдан бұрын көлік министрлігі аталған өткізу бекетінің 1 ақпаннан бастап 16 айға жұмысын тоқтататынын хабарлаған еді. Алайда жөндеу жұмыстары жақын арада басталмайды. Өйткені тендер жеңімпазы мен өзге де қатысушылардың арасында сот процесі жүріп жатыр. Бұл туралы BAQ.kz тілшісіне «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Мардан хабарлады. 

Қазір бекетте 6 жолақ болса, келешекте жолақ санын 12-ге жеткізу, заманауи инспекциялық-тексеру кешендерін орнату, түрлі әкімшілік ғимараттар салу жоспарланған. Халықаралық стандарттарға сай тексерістен көлік жүргізушілері бөлек, жолаушылар бөлек өтетін болады. Құрылыс құны - 21 миллиард теңге. Қазір тендер өтіп, мердігер анықталғанымен, байқаудың өзге қатысушылары жеңімпазды сотқа беруіне байланысты құрылыс-монтаж жұмыстары кейінге шегерілді. Өткізу бекетіндегі құрылыс жұмыстарының уақыты туралы алда қосымша хабарлаймыз,-деді Асылбек Амантайұлы. 

Дегенмен бұл ақпарат кәсіпкерлерді қуанта қойған жоқ. Жалпы БҚО-да 6 өткізу бекеті болса, соның  3-і екі ел тұрғындарына ғана арналған. Үшінші ел азаматтары Елек, Тасқала, Сырым өткізу пункттерімен шекара сызығын қия алады. 

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының деректеріне сенсек, өткен жылы Ресейден Қазақстанға 606 мың көлік кірсе, соның 245 мыңы БҚО арқылы енген. Соның 40,4% жүк көліктері. Ал Қазақстаннан көрші елге 401 мың 505 автокөлік жол тартса, соның 240 311-і,  яғни 64,8% Орал өңірімен өткен. Оның 63,5% жүк көлігі екен. Бір қызығы осы көлік тасқынының 90% Самарамен шекарадағы  «Сырым» өткізу пунктіне тиесілі екен. Ертең жөндеу жұмыстарына байланысты Ресеймен екі ортадағы алыс-беріс қиындап, еліміздің транзиттік әлеуетіне зиян келе ме деп алаңдайды бүгін кәсіпкерлер палатасында бас қосқан кәсіпкерлер.

«Осы мәселеге байланысты көлік министрлігіне, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне хат жазып жатырмыз. Ұсынысымыз – өткізу бекетін толық жаппай, жартылай болса да жұмыс істету. Әйтпесе алда жаз келе жатыр. Құрылыс маусымы басталады. Жүк тасқыны көбейеді.  Жылына әрлі-берлі 250 мың жүк көлігі өтеді. «Сырымнан» басқа «Тасқала», «Елек» өткізу бекеттері мұнша көлік тасқынын өткізе алмайды. «Шаған» өткізу бекетінің Ресей жағындағы Теплое бекетінде рентген жабдықтары болмағандықтан, олармен жабық жүк өте алмайды. Енді жалпы осы көліктердің 90 пайызы транзиттік көліктер.  Уақытында шекарадан өтіп үлгермесе, тасымалдаушылар келісім-шарттағы міндеттерін орындай алмайды, өнім сапасы бұзылады, тіпті сауда сөрелеріндегі тауарлардың бағасы да көтеріледі деп ойлаймын. Осы мәселені жоғарыдағылар ескерсе дейміз», - дейді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының энергетика және көлік комитетінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Тұрарбек Тілемісов. 

Өткізу бекеті жабылса, жолаушылар тасымалының маршрутын да қайта қарауға тура келеді екен. Облыстық жолашуылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Темірғалиевтың сөзінше қазір Орал-Самара және Орал-Тольятти бағытында екі автобус жүреді. Егер өткізу бекеті жабылса, қоғамдық көліктер Орынбордың Бузулук  қаласы арқылы жүруіне тура келеді. Жол 150 шақырымға ұзарады. Әрі маршрутты екі елдің көлік министрліктері арқылы келісуге 50-60 күн кетеді екен.

Тайыр Жәнібек

Өзгелердің жаңалығы