Батыс Қазақстанның бес ауданында карантин күшейтілді

20 Қаңтар 2021, 02:23
1530
Бөлісу:
Батыс Қазақстанның бес ауданында карантин күшейтілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысының бес ауданында карантин күшейтілді. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен жедел штаб отырысында айтылды.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлім еткеніндей, Бәйтерек, Ақжайық, Жәнібек, Тасқала, Шыңғырлау аудандары «қызыл» аймаққа кірді.

Оның сөзіне қарағанда, өңір де «сары» аймақтың шегінде тұр. Облыста 1-18 қаңтар аралығында 764 адамның індет жұқтырғаны тіркелді. Олармен байланыста болған 1199 адам тексеріліп, медициналық бақылауға алынды. Ауырғандардың 42,8 пайызы (327-сі) – жұмыс жасайтындар, 22,1 пайызы (169-ы) – зейнеткерлер, 20 пайызы (153-і) – жұмыссыздар және 5,7 пайызы (44-і) – 14 жасқа дейінгі балалар. Науқастардың 232-сі немесе 30,4 пайызы адамдар көп жиналатын жерлерде, 215-і (28,1 пайызы) бұрын ауырған туыстарымен оқшаулану тәртібін сақтамағандықтан, 93-і (12 пайызы) қоғамдық көлікте, 84-і (11 пайызы) той-садақаларда, 73-і (9,6 пайызы) жұмыс орнында, 67-сі (8,8 пайызы) белгісіз жағдайда індет жұқтырған. Қаңтар айында облыс көлемінде 33095 ПТР зерттеу жүргізілді. Коронавирустың өршуіне байланысты Орал қаласы мен бірқатар аудандарда шектеу шаралары күшейтілді. Мысалы, Бәйтерек, Бөрлі аудандарында карантин қатаңдатылды.

Жәнібек ауданының Борсы ауылына кіріп-шығуға тыйым салынды. Ақжайық ауданының Чапаев, Жаңабұлақ, Қабыршақты ауылдарында да шектеу шаралары енгізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Арман Қалибековтің айтуынша, өңірде жеті жұқпалы аурулар ауруханасы болса, соның екеуі облыстық көпбейінді аурухана мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, қалған бесеуі Бөрлі, Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек және Бәйтерек ауданында орналасқан.

Жаңа модульдік аурухананың ашылуына байланысты төсектер саны 579-ға жетті. Қазіргі кезде стационарларда 300 науқас емделуде. 22 науқас жансақтау бөлімінде жатса, соның 9-ы – Орал қаласының, 13-і – ауыл тұрғындары.

Тәулігіне орта есеппен 20 емделуші ауруханаға түседі. Алғашқы тәуліктерде солардың тең жартысы дерлік жансақтау бөлімінде жатады. Бұл көпшілігінің медициналық көмекке бірден жүгінбейтінін, уақыт өткізіп алатынын көрсетеді. Соның салдарынан созылмалы сырқаттары асқынып кетеді. Жансақтау бөлімінде көбіне жасы 65-тен асқан, созылмалы ауруы бар, ағзасы әлсіреген науқастар жатады, – деді Қалибеков.

Жиында сондай-ақ Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков шаһарда карантиндік шектеу шараларын бұзушылықтың жалғасып отырғанын, осыған байланысты тиісті әкімшілік шаралардың алынып жатқанын жеткізді. Облыс басшысы Ғ.Есқалиев коронавирустың таралуына тосқауыл қою мақсатында күрес шараларын күшейтуді тапсырды.


Өзгелердің жаңалығы