Батыс Қазақстанда карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

21 Қаңтар 2021, 22:52
1437
Бөлісу:
Батыс Қазақстанда карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың қаулысына сәйкес 25 қаңтардан бастап 7 ақпанға дейін мынадай шектеу шаралары енгізілді. 

Атап айтқанда, көп адамның қатысуымен болатын түрлі іс-шараларды өткізуге, ойын-сауық, мәдениет нысандары және басқа көңіл көтеретін орындардың, меншік нысанына қарамастан, кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметіне тыйым салынады. 

Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің кемінде 80 пайызы, жеке кәсіпкерлік қызметкерлерінің кемінде 50 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшеді. 

Бес жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты сақтау арқылы қоғамдық тамақтандыру орындарында ас ішу кезін қоспағанда, қоғамдық орындарда, халықтың келуіне, оларға қызмет көрсетуге және демалуға арналған үй-жайларда, қоғамдық автокөліктерде медициналық немесе мата маскаларын кию міндетті болып табылады. 

Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс күндері сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін, сенбіде 09.00-ден 14.00-ге дейін жұмыс істейді. 

Карантиндік шараларды сақтау үшін тұрғындар аталмыш орталықтарға бару үшін Egov.kz, Telegram бот арқылы алдын ала жазылады. Контингенті 300 оқушыға дейін қалалық және ауылдық мектептерде балалар дәстүрлі сипатта оқиды. Сондай-ақ ата-аналардың өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5 сыныпқа дейін қоса алғанда, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін оқушылар кезекші сыныптарда білім алады. Бірақ сыныптағы бала саны 15-тен аспауы тиіс. Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат беріледі. 

Оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12 сыныптар) үшін аптаның алты күні ішінде аралас оқытуға: пәндердің 70 пайызын штаттық режимде, 30 пайызын қашықтан оқытуға (сыныпта 15 адамнан артық емес, әлеуметтік қашықтықты сақтау, 1 сынып – 1 кабинет қағидаты бойынша оқыту, бір уақытта мектепте жобалық қуаттың 30 пайызынан аспайтын адамның болуы, санитарлық-дезинфекциялық режимді, маска режимін күшейту) болады. 

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 1 курс студенттері 2020-2021 оқу жылының II семестрінен бастап санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқытуға көшіріледі. 

Сауналар, ЅРА орталықтар жұмыс күндері сағат 09.00-ден 23.00-ге дейін ашық болғанымен, сенбі және жексенбі күндері қызметтерін тоқтатады. 

Діни нысандарға (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және басқалар) толымдылығын 30 пайыздан асырмай және бір келушіге кемінде 5 шаршы метр шегінде жұмыс істеуге рұқсат етілгенімен, бұқаралық іс-шараларды (жұма намазы, діни жоралар және т. б.) өткізуге тыйым салынады. 

Азық-түлік, азық-түліктік емес ашық және жабық базарлар жұмыс күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін, сауда үйлері мен орталықтары, азық-түліктік емес дүкендер сағат 10.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Олар сенбі және жексенбі күндері қызметтерін тоқтатады. 

Қоғамдық тамақтандыру нысандары карантин талаптарын сақтай отырып, сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал тапсырыс бойынша тамақты сағат 09.00-ден 23.00-ге дейін жеткізіп және шығарып береді. Фудкорт қызметіне тек жеткізіп және шығарып беруге рұқсат беріледі. 

Сұлулық салондары, шаштараздар, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар алдын ала жазылу бойынша санитарлық талапқа сәйкес қызмет көрсетеді. 

Осылайша қызмет көрсететін спорттық-сауықтыру нысандары сенбі және жексенбі күндері жұмыс жасамайды. 

Аудандар мен облыстар арасында қатынайтын автобустар қозғалысы тоқтатылады. Қоғамдық көліктерде санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Облыс тұрғындары жұқпалы ауру белгілері байқалған бойда медициналық ұйымдарға бармай-ақ 103 нөмірі арқылы жедел жәрдем шақырып, үйлерінде қаралуы керек. 

Аса қажеттілік болмаса, жасы 65-тен асқан адамдарға тұрғылықты жерінен шықпауға кеңес беріледі. 

Жерлеу рәсімдері кезінде әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып, адамдар саны 20-дан аспауы қажет.


Өзгелердің жаңалығы