Батыс Еуропада биылғы маусым мен шілде ауа температурасы бойынша бақылау тарихындағы ең ыстық айлар болды. Бұл туралы Еуропаның Жер климаты мен қоршаған ортасын үздіксіз бақылайтын Copernicus Climate Change Service бағдарламасы хабарлады.
Маусым мен шілде айларында Батыс Еуропадағы орташа температура 21,62°C болды. Бұл 2022 жылы тіркелген алдыңғы рекордтан жоғары.
Мамыр айынан басталған аптап ыстық аймақта орман өрттерінің көбеюіне, ұзаққа созылған құрғақшылыққа және бірқатар елдерде температура бойынша жаңа рекордтардың орнауына себеп болған. Ғалымдар аптап ыстыққа байланысты мыңдаған адам қайтыс болуы мүмкін екенін болжады.
Еуропалық орта мерзімді ауа райын болжау орталығының климат жөніндегі стратегиялық жетекшісі Саманта Бёрджесс жоғары қысым аймақтары ыстық ауаның Батыс Еуропада ұзақ уақыт сақталуына себеп болғанын айтты.
Топырақ құрғаған сайын оның табиғи салқындату қабілеті төмендейді. Соның салдарынан жылу әлдеқайда жылдам жиналады, – деді ол.
Маманның айтуынша, бұл климаттың өзгеруі температураның шектен тыс көтерілуін күшейтіп отырғанын көрсетеді. Ыстық пен құрғақшылық бір-бірін одан әрі күшейтеді.
Жалпы әлем бойынша 2026 жыл әзірге ең ыстық жылдар рейтингінде үшінші орында тұр. Бірінші және екінші орындарда 2024 және 2025 жылдар.
Ғалымдардың болжамынша, жыл соңына дейін 2026 жыл 2024 жылғы көрсеткіштен асып, бақылау тарихындағы ең ыстық жылға айналуы немесе осы рекордқа барынша жақындауы мүмкін.
Мұндай жағдайға антропогендік жаһандық жылынудың күшеюі және Тынық мұхитындағы судың температурасының жоғарылауымен сипатталатын қуатты Эль-Ниньо құбылысы әсер етуі мүмкін.