Батырхан Шүкенов бейнеленген коллекциялық монеталар айналымға шықты
18 Мамыр, 11:01 498

Батырхан Шүкенов бейнеленген коллекциялық монеталар айналымға шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Ұлттық банкі Street art. BATYR BEINESI коллекциялық монеталарын айналымға шығарады.

Монеталардың сатылымға шығатын күніне қатысты қосымша ақпарат ҚҰБ-тың ресми сайтында жарияланады.

18 мамырда дарынды композитор және әнші Батырхан Шүкеновтің туғанына 60 жыл толады. Номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған Street art. BATYR BEINESI коллекциялық монеталары «Қазақстанды монеталар арқылы таны» атты жаңа серияны ашады, - делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.

Street art. BATYR BEINESI жаңа монетасы заманауи өнер мен Батырхан Шүкеновті мәңгі есте қалдыру секілді бірден екі мағыналық желіні біріктіреді. Бұл Ұлттық банктің стрит-арт сияқты қазіргі заманғы жастар өнерін қолдауға арналған алғашқы коллаборациялық монета жобасы.

Монетаның дизайнында Қазақстан стрит-артының ең жарқын жұмыстарының бірі — REPAS командасының «Батыр бейнесі» граффитиі бейнеленген. Авторлардың бастамасы бойынша оны монетаның дизайнында пайдалану құқығы банкке өтеусіз негізде берілді.

Монеталар proof сапамен күмістен жасалған, сынамасы – 925/1000, салмағы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, номиналы – 500 теңгелік, таралымы – 5 000 дана.

Коллекциялық монеталар нақты құнына сай елдің бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының банк шоттарында аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады, - делінген хабарламада.

Күмістен жасалған монеталар кәдесый орамында мемлекеттік тілде, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ-тың нөмірлік сапа сертификатымен шығарылады.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.


Фото: дереккөз
Загрузка...