Алғаш рет батыр анаға жәрдемақы смс хабарлама арқылы тағайындалды

21 Тамыз 2019, 14:21
2039
Бөлісу:
Алғаш рет батыр анаға жәрдемақы смс хабарлама арқылы тағайындалды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көпбалалы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иеленген аналарға тиісті жәрдемақы проактив тәсілімен тағайындалатын болды. «Азаматтарға арналған үкімет» жаңа пилоттық жоба аясында 6-7 баласы бар әйелдерге еш құжатсыз-ақ керекті төлемдерді аударатын болады.

Ең алғашқылардың бірі болып, Умида Ахунжанова «Күміс алқа» иеленуіне байланысты тиісті жәрдемақының тағайындалғаны туралы смс хабарлама алды. Тараз қаласында тұратын алты баланың анасы келген смс хабарламаларға оң жауап беріп, біршама уақытын үнемдегенін айтады. 

«Мұндай дүниенің іске қосылғанына таңмын. Бұл болмағанда, кішкентай балаларымды тастап, құжаттарды өткізіп жүретін едім. Бұл менің қаншама алтын уақытымды үнемдеді. Себебі, мен үшін бөбектеріммен өткізген әр сағатым қымбат», – деді ең алғашқы проактив тәсілімен жәрдемақы алған көпбалалы ана Умида Ахунжанова.

Умида Ахунжанова.jpg

Жоба аясында Умиданың телефонына ең алдымен жәрдемақы алуға құқылысыз деген хабарлама келген, кейін жәрдемақы аударылуы тиіс есеп-шоттың нөмірі жолданған. Олардың дұрыстығына келісімін берген батыр анаға ең соңында жәрдемақының тағайындалғаны туралы смс келген. Айта кетейік, қызметті алу үшін ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс.

Көпбалалы аналар награданы алу үшін жергілікті әкімдікке өтініш жазып, кейін оның тағайындалғаны туралы құжатты халыққа қызмет көрсету орталығына өткізетін. Бұдан бұлай ХҚО-ға барудың қажеті болмайды, қызмет автоматты түрде көрсетілетін болады.

IMG_3381.JPG

«Проактив – қазақстандықтардың құжаттарды ешқайда өткізбей-ақ, мемлекеттік қызметтерді алуына мүмкіндік беретін жоба. Бүгінде жас аналарымыз проактив аясында келетін смс-терге жауап беріп, баланың туу куәлігін жасатып, оның күтіміне байланысты жәрдемақыны рәсімдеп, балабақша кезегіне тұрып, сәбиді мекенжай тіркеуіне қоя алады. Сондай-ақ осы проактивті түрде зейнеткерлікке шығу, мүгедектікті рәсімдеу қызметтері алдағы уақытта іске қосылады. Біз азаматтарымыздың өмірін жеңілдетіп, артық қағазбастылықтан арылтамыз. Бұл – мемлекеттік қызметтерді цифрлы форматқа ауыстырудағы бірқатар бастамамыздың бірі», – деді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.

Өзгелердің жаңалығы