Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласында І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында орналасқан № 974 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Дауыс беруге зайыбымен бірге келген облыс әкімі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында өз таңдауын жасады.
«Бүгін – бүкіл қазақстандықтар үшін мереке, Президент сайлауы күні. Елбасының сарабдал саясатының арқасында елімізде, соның ішінде Алматы облысында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып, барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Жалпы біздің Алматы облысы – халық тығыз орналасқан үлкен облыс. Бізде 2 миллионнан астам тұрғын болса, соның 1 406 204-і - сайлаушы. Сондықтан облыстағы әрбір сайлаушы өзінің дұрыс таңдауын жасап, еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс береді деп сенемін», - деді ол өз сөзінде.
Атап өтсек, Алматы облысында жалпы саны 1040 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.