Баталов коронавирус инфекциясының жылдам таралу себебін атады

18 Шілде 2020, 20:10
1647
Бөлісу:
Баталов коронавирус инфекциясының жылдам таралу себебін атады

Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны неліктен артқанын атады. Ол өзінің Facebook-тегі парақшасына соңғы кезде бірқатар аудан, қала әкімдері коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес жұмыстарын босаңсытып алғанын жазды. 

Белгісіз себептермен оперативті штабтың жұмысы тоқтап қалған, бірақ ең бастысы - инфекциялық және провизорлық бөлімдердің жұмыс алгоритмі бұзылған. Жекелеген жағдайларда коронавируспен ауырған азаматтармен байланыста болған, "қызыл аймақта" саналатын медицина мамандары қоғамдық көлікпен қатынап, отбасы ортасына оралып жүрген. 
Мұндай жағдайлардың мен аудан, қала әкімдерімен өткізген селектор жиыны барысында Талдықорған, Текелі қалалары мен кейбір аудандарда болғанын анықтадым. Бұл, ең алдымен, жергілікті жерлердегі әкімдердің, Денсаулық сақтау басқармасы басшылығының олқылығы, медицина мекемелері бас дәрігерлерінің санитарлық нормаларды өрескел бұзуға жол бергенінің салдары. Осының барлығы және басқа да факторлар, әсіресе, Талдықорған мен Текелі қалаларында індеттің жылдам артуына себеп болды, бұл қалаларда коронавирустың өсімі сəйкесінше 11-12% құрап отыр, - деп жазды облыс әкімі.
Баталов барлық аудан, қала әкімдеріне халық арасында вирустың одан әрі таралуына жол бермеудің тиісті шараларын қабылдауды, облыс тұрғындарына тиісті деңгейде ем жасауды ұйымдастыру, стационарларды қажетті төсек санымен, дәрі-дәрмекпен, барлық қажетті құрал-жабдықтармен, соның ішінде ӨЖЖ аппараттарымен қамтуды тапсырды.
 
Әкім қысқа мерзім ішінде халық үшін ПЦР талдау жасайтын тағы бірнеше қосымша зертхана ашу қажет деп санайды. 
Осы жұмыстардың барлығын тез арада бастауды, оның нәтижелері туралы жедел штабты күнделікті хабардар етіп отыруды тапсырдым. Мұндай шараларды қабылдауға қажетті барлық мәселелер шешілген, облыстық бюджет қайта қаралып, барлық қажетсіз бағдарламалар қысқартылып, мұқтаж адамдарға медициналық көмек көрсетуге және медицина мамандарын қолдауға қажетті көлемде қаржы бөлінді, - деп жазды ол. 
Оның айтуынша, жалпы коронавируспен күрес шараларының өзіне ғана жергілікті бюджеттен 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.


Өзгелердің жаңалығы